Бөлісу

Евразиат — 2018 жылғы Астана чемпионы

«Жайдарман» ойындарының Астана қалалық біріншілігі «Жарасым» маусымын тәмамдады.

Евразиат

Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен 11 мамыр күні алғашқы ойын өтіп, 15 қараша күні маусым қорытындыланды. Біріншіліктің ойындарын биыл Қазақстан КВН Одағының Астана қаласындағы филиалының директоры болып тағайындалған танымал жайдарманшы Жүсіпжан Жамаш жүргізді. Елорданың 20 жылдығына арналған қалалық чемпионаттың финалында ойнағандар: «Тұран – Астана» университетінің «Тұран жастары» командасы, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінен «Жаңатех», «Астана» медицина университетінің «МУА», Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» құрамалары және Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен екі топ «Евразиат» пен «Дастан».
Ойынға елге танымал тұлғалар, жайдарман жұлдыздары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Астана қалалық мәслихатының депутаттары шақырылды. Қазылар алқасының құрамы да жұлдызды. Біріншіліктің тұрақты қазысы, жоғары лиганың чемпионы Әділет Төлеутайұлы, талантты актер, «Жайдарманның» ардагері, тележүргізуші Дәулет Бижанов, жоғары лиганың чемпионы, продюсер Парасат Ибраев, «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Жалын Тілеуберген пен жаңа «Шаңырақ» шоуының жүргізушісі Жұлдыз Абдукаримова финалистерге төрелік етті.

Қазылар алқасы

Нәтижесінде чемпиондық пен 75 000 теңге көлеміндегі сыйақыны «Евразиат» тобы ұтып алды. Ал 2-орын мен 65 мың теңге ЕҰУ-дың тағы бір командасы «Дастанға» бұйырды. Қола жүлдемен бірге 55 000 теңгені «Тұран жастары» еншіледі. Қазылар ойынның үздік ойыншысы ретінде «Дастан» тобындағы Таңшолпан Темірланды танып, оған 50 000 теңге сыйақы табыстады.


Сәлемдесу, әуенді жамбы ату және көрініс сайыстары бойынша жүлдегерлер анықталды. Көріністің ерекшелігі — сайыскерлер танымал жайдарманшылармен бірге өнер көрсеткендігі: Аягөз Оразғалиева, Есет Мырзағазиев, Азамат Жадырасынов, Хамит Ердехан, Мейрамхан Шалқыбеков, Бақытбек Қарамырзаев, Бекзат Дүйсенов.

Пікір қалдыру