Бөлісу

Жайдарманның туған күні тойланды

Жастардың ең сүйікті ойыны – Жайдарман мүшел жасқа келді. Сонау 2005 жылы 29 маусымда ең алғаш рет тойл­анған Жайдарманның туған күні жыл сайын «Астана күні» қар­саңында дәстүрлі түрде өтіп келеді. Сол дағдыдан жаңыл­май, кеше де «Астана концерт залында» атап өтілді.

Еліміздегі ең танымал, ең үздік жайдарманшылардың басын қосқан кеште екі топ өнер көрсетті. «Ағалар» және «Інілер» деп шартты түрде атауға ие болған топтардың бірінде – ардагер жайдарманшылар бас қосса, екіншісі топта қазіргі кезде Жоғары лигада өнер көр­сетіп жүргендерден, барлығы жиырмаға жуық топтың өкілдері сахнаға шықты.

Ойын жеңіл, еркін түрде өтті деуге болады. Жайдарманшылар түрлі тақырыптарды қамтуға ты­рысқан екен. Жастардың мә­селесінен бастап, әлемдік оқи­ғалар да, тіпті қазір өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі де жиі әзілге ілігіп отырды.

Жыл бойы біріншілікте өнер көрсетіп, сахнада жүрген «Інілер» құрамасы бабында екен. Әсіресе, «Сәлемдесу» және «Көріністе» жақсы көріне білді. «Үздік ойыншыға» берілетін кубок та осы құрамдағы сырдариялық  Марат Сәрсенбаевқа берілген болатын.

Ал сахнадан алыстаңқырап кеткен ардагерлердің дайындығы аз екені көзге көрініп қалды. Әлде, жатырқап қалды ма, кім білсін?! Бірақ тәжірибелі жігіттер осалдық танытқан жоқ. Ойын соңында қазылар алқасының шешімімен екі топтың ұпайы тең болып шы­ғуы да, соны көр­сеткендей. Үл­кенді сыйлайтын дәстүр бойынша, үлкен кубок «Ағалар» командасына табыс етілді.

Қазылар алқасы демекші, жайдарманшылардың өнерін бағалағандардың өздері де атынан ат үріккендей. Ойын басталарда барша жайдарманшыларға сәттілік тілеп, «Жайдарманның» маңыздылығын тілге тиек еткен Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мырза қазылар алқасының құрамына қосылды. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен, тележүргізуші Берік Уәли, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, теат­р және кино актері Әділ Ах­метов  ойынға қазылық етті.

Бір мүшел бойы жастардың қызығушылығына бөленіп, теле­арнаға шыққан соң да, рейтингтің төрінде тұрған «Жай­дарман» ойы­ны ендігі ха­лық­тық жобаға айналып үлгерді. Бұл жерде тек қана әзіл-сайыс, қуақы қалжың емес, жас­тармен байланыстыратын, олар­дың мұқтаждығы мен өре­сін анықтайтын алаң деп қа­растыратын сәт келген секілді. Дәл қазіргі сәтте отыз мыңнан астам жас пен жасөспірім жайдарман ойнап жүр. Бұл – үлкен күш. Небәрі 13 жылдың ішін­де осынша күшке ие болған «Жай­дарманның» алар биігі мен асуы алда.

Ендеше, бар жанарды жау­лаған «Жайдарманның» туған күні құтты болсын!

Пікір қалдыру