Жоғары Лига финалы туралы бір үзік… (фото)

2016 жыл. Күз. Қараша айы. Астана. «Қазмедиа холл» концерт-залы. Сыртта ысқырынған суық. Іште жадыраған жаз. Өйткені…

… Өйткені іште Жайдарманның Жоғары лига финалы болып жатқан еді.
Бұл финалға келгенде арманда, келмегенде арманда. Маусымның басында тұп-тура 40 топ мәреден шыққан еді, солардан іріктеліп, үздік шыққан бесеуі финалға келіп тірелген еді. Сонымен биылғы маусымның үздік бестігін қайталап айтып өтейік:
1.Аягөз
2.Сырдария
3.Байдың балалары
4.Қармақшы
5.ҚЖУ
Нәтижені өздеріңіз біліп отырған шығарсыздар?! Чемпионаттағы орын алғандар дәл осы ретпен алды.

Аягөз — чемпион!

15207998_1184781144946950_1350710139_n

Бұл топтың маусым бойына чемпионаттың басты фавориті болып келгені белгілі. Тіпті былтырғы финалда чемпиондыққа сынық қадам жетпей сүрінген болатын. Сондықтан бұл маусымда не бел, не белбеу кетеді деп шыққан секілді. Жыл бойы жоғары көрсеткішпен өнер көрсетіп шықты. Финалда да «Бес сайыста» есе жіберді демесеңіз, «Сәлемдесу» мен «Жұлдызбен көріністе» көрермен көңілінен шықты. Қазылар тарапынан да жоғары ұпайға ие болды. Құрамын өзгертпестен бірнеше жыл бойы жайдарман сахнасында жүрген жігіттердің еңбектері ақталды десек, артық айтқандық болмас.

Сырдария — вице-чемпион!

15239349_1184840784940986_1556386969_n

Жыл басында-ақ көрермен тарапынан үздік деп танылған команданың бірі осы топ еді. Былтырғы маусымда ширек финалда бір сүрініп барып, қайта оталған Жетісайдың жігіттері тоқталмастан, биылғы финалға жетіп келді. Тіпті биылғы жартылай финалда өз тобындағы «Аягөздің» өзін артта қалдырып, финалға жолдаманы бірінші орынмен алған болатын. Финалда да өте жақсы өнер көрсетті. Осы қарқынынан таймаса, келесі жылғы маусымның басты фавориті болғалы тұр. Енді ше… Премьер лигадан чемпион болып, Жоғары лигаға келісімен, бірден қола жүлдеге ие болса, келесі жылы күміс медальді мойынға ілді емес пе?! Айта кетейік, былтырғы финалда бұлар екі маусым чемпионы «Күлтегін» мен «Аягөзге» ғана жол берген болатын. Демек… Оны енді уақыттың еншісіне қалдырайық.

Байдың балалары — қола жүлдегер!

15175347_1184838008274597_221457806_n

Бұл құрамы жас, атауы ескінің көзі болып келе жатқан топ. Биылғы маусымның жаңалығы болған топтардың бірі — осы жігіттер. Шымкенттің небір мықты ойыншыларын жиып алып, былтырдан бері жайдарман сахнасын дуға бөлеп келеді.
Жоғары лигаға биыл келгеніне қарамастан, финалға қиналмай жетті. Жартылай финалда тіпті өз тобында бірінші орынмен шығуының өзі мықтылық емей немене?! Сол себепті ме, кім білсін, ақтық сында «Сырдария» мен «Аягөзді» шаң қаптыруы мүмкін деген жанкүйерлер де болған. Дегенмен бұл жолы ойыны мықты болса да, тәжірибе аздық етсе керек,  қола жүлдені місе тұтты. Бәлкім осы да дұрыс шығар, команда құрамы жас, алда талай биіктерді бағындырары сөзсіз. Биылдың өзінде топтың атауы әсер етті ме, әлде ойынымен тартты ма, әйтеуір қыздардың сүйіктісіне айналып үлгерді. Енді келесі жылы бұдан да биік межені мақсат қып келетіні анық. Оған деңгейлері де, шеберлігі де жетеді. Тіпті «финанс» жағынан да проблемасы жоқ топ қой. Әрине, соңғы сөйлеміміз қалжың. Жігіттерге сәттілік.
Айтпақшы, бұл топтың ойыншысы Ұлан Мықтыбек жылдың «Үздік ойыншысы» атағын жеңіп алды. Міне, керек болса…!!!

Қармақшы — төртінші орын!

15227872_1184776411614090_30169868_n

Әсем қимыл мен зілсіз қалжыңға құрылған өзіндік ойын өрнегі бар осынау топ Премьер лигада жүріп-ақ көрермен көзайымына айналып үлгерген болатын. Жоғары лигада да осал болмады. Былтырғы маусымда жартылай финалға дейін жетті. Биыл финалда өнер көрсетіп, өздерінің ұзаққа шаба алатынын дәлелдеді.
Дегенмен ақтық сынға дейінгі алқынбай келген Қармақшы ұландары финалда өз деңгейін көрсете алмады. Әлде көрсеткісі келмеді… Солай деп сенейік. Бәлкім айтарын келесі жылға қалдырған шығар. Әйтеуір үш сайыс бойы орташа ғана өнер көрсетті десек, өтірік айтпаған шығармыз. Тіпті «Бес сайыс» кезінде Жандостың «Нұрбек, мен де қазір барам» деп қалжыңдауының өзі, қасындағыларының мықты екенін ерте мойындап қойғанын білдірді. Десе де, жігіттер еңсесін тіктеп кетті.
«Біз  кубок үшін келмедік, ойнауға келдік, әр көрерменнің шынайы көңілмен қошемет көрсетіп, қол шапалақтағының өзі кубок» деп алшаң басып сахна сыртына беттеді.

ҚЖУ — бесінші орын!

15226480_1184839131607818_921551809_n

«Жаңару» маусымының жаңалығы болған тағы бір топ — осы алматылықтар. Алматыдағы, қала берді еліміздегі болған кез келген оқыс оқиғаны әзіл нысанасына іліп алатынымен ерекшеленген топтың мықтылығы да осында. Астарлы әзіл, салихалы әңгіме.
Әңгіме демекші, оны финалда өздері де айтып өтті: «Өзгелер әзіл айтуға келсе, біздікі әңгіме» дейді топ капитаны Нұрбек Лақаев.
Расымен солай болды. Десе де жыл бойы ұпай сыйлаған ҚЖУ-дың осы стилі финалда кесірін тигізген сияқты. Көрермен финалда ерекше бір нәрсе күтеді. Бірақ алматылықтар ел күткен сенімнен шыға алмады. Сәлемдесу өздерінікі ғой, дегенмен «Бес сайыс» пен «Жұлдызбен көрініс» сәтсіздеу болды. Сондықтан финалдағы соңғы орын алуы заңдылық секілді. Дегенмен, бұлар — потенциялы жоғары топ екенін дәлелдеген. Ендеше командалардың әлеуетін саралай келе, келесі жылы өте тартысты ойындар күтіп тұр деп сенімді айта аламыз.

Қосымша мәліметтер:

Қазылар құрамы:
  1. Көпен Әмірбек — қазылар алқасының төрағасы
  2. Мұрат Әбенов
  3. Ғабидолла Оспанқұлов
  4. Шахмардан Байманов
  5. Әділ Ахметов

15226576_1184837998274598_1873246613_n

«Жұлдызбен көріністегі» танымал тұлғалар:

  1. Ринат Зайытов (Аягөз)
  2. Нұржан Төлендиев (Сырдария)
  3. Берік Тұрсынбеков (Байдың балалары)
  4. Есен Елеукен (Қармақшы)
  5. Нұрлан Еспанов (ҚЖУ)

15218628_1184776334947431_1624785075_n

15226586_1184781848280213_1750804657_n

15207950_1184781151613616_175770158_n

15218668_1184781381613593_500854305_n

More from the blog

14 қараша күні жайдарманның «Елорда кубогы-2021» арнайы жобасы өтті.

14 қараша күні жайдарманның "Елорда кубогы-2021" арнайы жобасы өтті. Еліміздің үздік командаларынан бөлек, өзбекстандық "Бұхара" командасы қатысып, бұл сайыстың дәрежесін халықаралық деңгейге көтеріп тастады....

«Шабыт»құрамасы «ELORDA KUBOGY-2021» иегерлері.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Елорда кубогы-2021» Жайдарман ойыны 14-қараша күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен...

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАУСЫМАШАР ФЕСТИВАЛІНІҢ» ІРІКТЕУ ОЙЫНДАРЫН 28-30 қыркүйек күндері 7 арнадан тамашалай аласыздар

«Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ ұйымдастыруымен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу” гранты...