Бөлісу

Жоғары лига 1/8 финалының ІІІ топ ойыны туралы

Кеше Жоғары лига 1/8 финалының үшінші топ ойындары өтіп, онда астаналық «Энерго», алматылық «Жұлдызды жігіттер», оралдық «Грант», ақтөбелік «Фемида» және Шымкент жастар құрамасы өнер көрсетті. 

Кіл тәжірибелі командалар арасында намысқа тырысқан астаналықтарға тәжірибенің керектігі көрініп тұрды. Әзіліндегі ойды жұртқа жеткізе алмай қалу жиі кездесті. Әрине, мұның бәрі тәжірибемен келері анық. Сондықтан бұл команданы болашақтың командасы деу керек шығар.

Әскерилердің басты ерекшелігі — құрамының тұрақсыздығында. Тіпті бір маусымның өзінде мүлдем өзгеріп кетеді. Бетіне маска киіп шықса да, бұның да көрерменнің қабылдауына әсері жоқ емес. Десе де әскери өмірді қарапайым жұртшылыққа әдемі жеткізе білген секілді. Тек тағы да тәжірибе шыға келеді…

Чемпионаттарда жолы ұзаққа созылмаса да, жекелеген кубоктарда оза шауып жүрген оралдық «Грант» жақсы  дайындықпен келген екен. Бұл, әсіресе, «Сәлемдесу» мен «Жамбы атуда» көрінді. Дегенмен «Көріністегі» айтар ойлары сәл түсініксіз боп қалғандай.

Былтыр белгілі бір себептермен чемпионатты орта жолдан тоқтатқан шымкенттіктер әлі бабында екен. Қыздарын ауыстырса да, жігіттері сол баяғы. Әзіл бағытта да сол сарын. Әйткенмен мезі еткен емес. Тәжірибесі мол Тағай өз командасын әлі біраз белеске  бастары ғажап емес.

1/8 ойындардың қызығы барлық топта бірінші орын алған командалардың барлығы ең жоғары 11 ұпайдың бәрін еншілеген. «Сағыз», «Сырдария», енді міне «Фемида». Биыл Ақтөбе қаласы әкімінің құрамасы атанған жігіттерге шабыт сыйлаған әкім бе, әлде «Шабыт маусымы» ма, кім білсін?! Әйтеуір ақтөбеліктер оқ бойы озық шықты.

Желкелеп айтудың қажеті жоқ шығар. Бір ғана нәрсе, осы ойыны арқылы «Фемида» маусымның фавориттері қатарына еркін енді деуге болады.

Айтпақшы ойынға қазылық еткен құрам да өзгерді. Әр әзілдің төркініне үңіліп, жете мән беретін жандарға ұқсайды. Актер Алмат Сақатов, мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских, ҚР Инвестициялар және даму министрлінің департаменті директоры Берік Уәли, саясаттанушы Айдос Сарым, журналист Максим Рожин.

Енді бүгін сағат 19:00-де Конгресс Холл сарайында өтетін төртінші топ ойындарын күтеміз. Бүгінгі ойыннан кейін ширек финалға шыққандардың толық тізімі белгілі болады. Келіңіздер, көріңіздер!

Жазбадағы пікірлер

  1. Ертай Aбубакиров

    Сәлеметсіздер ме?!
    Айыпқа бұйырмаңыздар, көрген көзде жазық жоқ демекші, байқағанымды жазуды жөн көрдім. Жоғарыда жазылған мақаладағы кеткен аз-кем қателіктерді жөндеп жіберсеңіздер:
    1. «Әрине, мұның бәрі тәжірибемен кешегі анық.» *кешегі сөзі——> *келері боп алмасуы қажет.
    2. «Тәжірибесі мол Тағай өз командасын әлі біраз белеске ғажап емес.»
    — белеске сөзінен кейін *апарары—— деген сөз қалып кетіпті. Соларды түзетіп жіберсеңіздер деген тілек.
    Ізгі ниетпен, Ертай есімді оқырмандарыңыз.

    Жауап беру

Пікір қалдыру