Қымбатты жайдарманшы, бұл ережені жай ғана көз жүгіртіп өте салмай соңына дейін оқып шық және жалқау\оқи алмайтын\қолы тимеген достарыңа түсіндіріп бер! Себебі, осы ережені бұзған ойыншы\капитан\демеуші үшін барлық команда мүшелеріне қатаң шара қолданылады.

п.1.1. Тіркеу бөлімінде және дәліздердің қабырғасында ілініп тұрған хабарландыруларды мұқият оқыңыздар! Барлық ұйымдастыру сұрақтары бойынша (редакторлық жұмыс қайда өтеді, кім өткізеді, екінші турға өтпесе не болады, іссапарлық құжатқа кім мөр соғады және т.б.) тек ТІРКЕУ бөлімінде жауап береді.

п.1.2. Ешқандай ұйымдастыру сұрақтары бойынша «Қазақстан КВН Одағының» Президентін мазаламаңыздар! Мұндай жағдайда ол, әрине, сыпайы түрде редакторларға жібереді, бірақ Сіз жайлы жақсы пікір қалыптаспайтыны анық. Бұл ереже Президентті жеке танитын, бұрындары ойында\дайындықта\пойызда\самолетте бірге жүрген ардагер жайдарманшыларға да қатысты! Сіз қойғыңыз келген сұрақтар мен естігіңіз келген жауаптардың барлығы арнайы жиналыстарда айтылады.

п.1.3. Ұйымдастыру сұрақтары бойынша Редакторлардың да мазасын алуға болмайды! Редакторлар сырт көзге бос отырған сияқты көрінгенмен, шығармашылық процесс үздіксіз жүріп жатқанын естен шығармаңыз!

п.1.4. Фестиваль кестесін мұқият оқып, қойын дәптеріңізге көшіріп жазып алыңыз. Бұл тіркеу бөлімінің қызметін жеңілдетеді. Ұмытпаңыз, командалар көп, ал Фестиваль жалғыз, Сіздің артыңыздан ешкім жүгіріп, әкеліп бермейді!

Тіркеу

п.2.1. Командалар тіркеуден өткенде келген қаланың, оқу орнының атын толығымен, жетекші мен капитанның байланыс телефонын (екеуден кем емес), сондай-ақ оқу орнының\мекеменің толық пошталық адресі мен байланыс телефондарын (жұмыс, үй және факс номерлары), электрондық поштасын, Астана қаласында тоқтаған жердің адресі мен телефонын міндетті түрде қалдыруы қажет! Соңғы рет қай лигада ойнағанын (ойнаса әрине), қандай жетістікке жеткенін, Лига жетекшісінің аты жөні мен Лиганың байланыс телефондарын да жазуды ұмытпаңыз.

Тіркеу бөлімінде тек команда жетекшісімен сөйлеседі! Команда мүшелері, тіпті ол дәрежесі жоғары, жұлдызды ойыншы болса да ұйымдастырушылардың мазасын алмағаны жөн. Онда жұмыс істейтін адамдардың жүйке жүйесін сыйлаңыздар!

Тіркеу бөлімі келесі жағдайларда командамен қош айтысады:

  • Бірінші турға кешігіп келу
  • Алкогольді ішімдік пайдалану
  • Төбелес шығару
  • Ар ұятын жоғалтып алу

Тіркеу бөлімін тергеу қызметімен шатастырмаңыздар, сондықтан олар неге Сіздің кешіккеніңізді, алкогольді қандай достарыңыздың көңілін қалдырмай пайдаланғаныңызды немесе кім төбелесті бірінші бастағаны жайлы әңгімелердің ақиқатын тексеріп жатпайды. Тек командамен қоштасып, жіберген оқу орны\мекеме адресіне алғыс хат толтырып, қош айтысумен шектеледі.

п.2.2. Тіркеу бөліміне бармас бұрын Сіздің қолыңызда келесі құжаттар болуы қажет:

  • Команда мүшелерінің аты жөні, туған жылы толық жазылған парақ (негізі компьютерде терілсе тіптен жақсы)
  • Фестивальға қатысу үшін төленетін жарна\жарнаның аударылғаны жайлы түбіртек

Егер осы аталған заттарды ұмытпай ала келіп, ешкімнен сұрап жүгіріп жүрмесеңіз командаңызды тіркеу бес минуттан артық уақыт алмайды!

Конкурстық тексеру (былайша айтқанда редакторлық жұмыс)

п.3.1. Фестивальдың басты шарасы болып конкурстық тексеру табылады. Оның қорытындысы бойынша  гала-концертқа қатысатын командалар іріктеліп, Жоғары, Премьер, Ашық, Бірінші, Орталық және Аймақтық лигалар құрамы анықталады. «Жайдарман» сайыстарында сіңірген еңбегіне қарамастан еш команда редакторлық тексеруден босатылмайды. Тек кейбір командаларға редакторлар тарапынан бірден 2 турдан бастап көрсетуге рұқсат берілуі мүмкін.

п.3.2. Конкурстық тексеруге әрбір командаға салемдесу жанрындағы бағдарламаға 5 минут уақыт беріледі. Тек бағдарламалары қызықты болған жағдайда Жоғары лига командаларына тағы 2 минут қосылуы мүмкін. Егер уақыттан асып кетсеңіз ойын тоқтатылып, команда демалуға жіберіледі. Сондықтан ертерек ойланыңыз!

п.3.3. Конкурстық тексеру екі турдан тұрады. Реттік санын өзгертуге команданың құқығы жоқ. «Біздің бір ойыншымыз\операторымыз\бишіміз кешігіп жатыр, кейін шегерсек болады ма» деген сылтаулар қабылданбайды. Команда бірден фестивальден шеттетіледі.

п.3.4. Бірінші тур аяқталған соң редакторлар алқасы ақылдаса келе, екінші турға өткен командаларды анықтайды. Әдетте бұл алпыс шақты команда Жоғары\Бірінші\Орталық лигалардың құрамына кіреді. Өкінішке орай тек екінші турға өткен командалар ғана редакторлар тарапынан сценарий бойынша кеңес ала алады. Екінші тур қорытындысы бойынша фестивальдың  Гала-концертіне өткен командалар анықталады. Ал қалған командалар концертті залдан отырып көру құрметіне ие болады.

п.3.5. Конкурстық тексеру «Қазмедиа» сарайының сахнасында өтеді. Бірінші турдан бастап толық құрамда, толық реквизитпен қатысу керек. Бір заттың жетіспеуі барлық еңбектің еш кетуінен сақ болыңыздар! Команда сахнаға шыққан соң капитаны команданың атын, қаласын, оқу орны\мекемесін, бұрын қай лигада ойнағанын толығымен айтуы тиіс.

 п.3.6. Құрметті командалар! Сахнада өзге командалар ойын көрсетіп жатқанда залда шулауға, ары бері жүруге қатаң тыйым салынады! Сіздің де сахнаға шығатын кезегіңіз жетер, сондықтан да өзгелерге құрметпен қарағандарыңыз жөн. Екі қатаң ескерту алған команда Фестивальден шеттетілетінін ескерсек, ұйымдастырушылар тәртіпке қалай көңіл бөлетінін түсінген боларсыздар. 

Редакторлар

п.4.1. Екінші турға өткен командалардың редакторлармен кеңесуге толық мүмкіндігі бар! Бірақ құқығым бар екен деп мазаларын ала бермеулеріңіз сұралады. Сондықтан:

п.4.2. Редакторлық жұмыс кезінде амандасуға, кеңес сұрауға, жалпы назарын аударуға болмайды! Егер команданы қалай дамыту, сценарий қалай жазу керек деген ақыл кеңес қатты мазалап жүрсе, ол үшін арнайы семинарлар ұйымдастырылады, қалмай келіп тұрыңыз!

п.4.3. Екінші турға өту немесе гала-концертке қатысу туралы редакторларға келуге\таныстарыңызға қоңырау шалдыруға\жалынуға\қорқытуға тыйым салынады. «Ректорға не айтамын?», «Братан, енді не істейміз?», «біздікі ана командадан жақсы ғой!» деген дәлелдер айтпас бұрын ертерек дайындалу керек еді. Ал редакторлар шешімі түпкілікті және өзгертуге жатпайды.

ҚОСЫМША: Мінеки, фестивальге келгендегі қарапайым ғана шарттар осы. Осыны орындасақ ешкім ешкімге ұрыспайды, барлығымыз көңілді келіп қайтамыз. Егер де сен ойлаған межеден өте алмасаң, мақсатыңа жете алмасаң тиісті қортындысын шығара біл.

Келесі Фестивальге дейін әлі бір жыл уақыт бар…