Бекзат Дүйсенов: «Өмірімдегі алғашқы ойында да II орын алғанмын»

Бекзат Қайратұлы Дүйсеновb4b694

  • Жамбыл облысындағы Қордайдан                     14 шақырым жердегі Ырғайты(Ноғайбай) ауылында 1992 жылдың 30 шілдесінде дүниеге келеді.
  • «Ұлттық құрама» жайдарман тобының ойыншысы, капитаны, авторы. «Үздік ойыншы — 2013».
  • Білімі: жоғары. Мамандығы: эколог.
  • Әкесі жеке кәсіпкер, анасымұғалім.
  • Үйленбеген. Сүйікті жары барлық жағынан өзін түсінгенін қалайды. Ал, Бекзатты түсіну өте қиын, біртүрлі «түсініксіз жан».
  • Сүйікі тағамы: анасы дайындаған барлық тағамдар, геркулес ботқасы және қуырылған лағман.
  • Әтірі: «LEO». 8-ші сыныптан бері талғамы өзгермеген.
  • Мақсаты: жеке кәсіппен айналысу, өйткені бастыққа жұмыс жасағанды ұнатпайды. Бастықтың «қайда жүрсің?» деген сұрағын жақтырмайды екен-мыс))
  • Мектеп кезінен Республикалық КВН жобаларында ойнап, студент кезінен бірнеше телевизиялық жобалардың авторы болған.
  • Мінезі: қатал әрі ауыр. Тәуекелшіл. Ешқашан өтірік айтпайды. Мүлдем романтик емес.
  • Мекені: Астана қаласы. Ол елорданы қатты жақсы көреді, аязына, желіне, суығына қарамастан, бұл қала «жанға жайлы» деп есептейді.
    Екі жасында отбасымен Қордайдан Таразға қоныс аударып, балалық шағы сол қалада өтеді. Бекзат атасы мен әжесінің мақтанышы, әкесі мен анасының қолқанаты, Құралай және Алтынай есімді қарлығаштай қарындастарына қамқор аға болып өседі.

Ж. Жабаев атындағы №5 мектепте бесінші сыныпқа дейін тек «өте жақсы» деген бағаға оқиды. О күндері ол өте момын бала болатын. Бесінші сыныпты бітіргеннен кейін Алматыға көшіп келеді, міне, қызықтың бәрі осы кезден басталады. Алғаш сахнаға шығады. Мектеп театрында Мұхтар Шахановтың рөлін өте жақсы сомдауынан кейін қойылымды тамашалауға келгендер де, Бекзаттың өзі де бойында актерліктің бар екенін және әрі дұрыс пайдалана алатындығын түсінеді. Ал, КВН-ге келуі мүлдем басқа әңгіме… Жетінші сынып оқып жүргенінде мектеп директоры «қалалық КТК сайыстары болғалы жатыр, кім ойнай алады?» деп кабинетке кіріп келгенде, сыныптарының «Бекзат, сен күшті күлдіресің ғой, қатыссаңшы» деген ұсыныстарымен ойнап көрмекші болады. Он қыздан және бір ұлдан құралған топпен сайысқа түседі. Бір қызығы, өміріндегі бірінші КВН-інде де II орын алады. Осылайша, әзіл әлеміне қарай адымдайды. 9-10 сынып оқып жүріп, жоғары оқу орындарының командаларына қарсы ойнап жүреді. Алматылық квншілер арасында беделі жоғары болғандықтан болуы керек, кейін ҚазҰУ-не оқуға түскенде бірден құрамаға шақырылады. Кейіннен, 2012 жылы құрам жаңарып, екі жыл қатарынан финалда. Өздеріңіз білетіндей, екі жыл қатарынан екінші орын. Бекзат бүгінгі күні тек жайдарманшы ғана емес, «Қазақстан КВН Одағының» редакторы, авторы, бірнеше премьер, ашық, орталық лигаларға жолдама алған командалардың жетекшісі және жақында жарыққа шығатын жаңа жобаның сценарисі әрі актері.

— Былтырғы финалдың көпшілікті шулатқаны рас. «Әділ өтті» деушілер де, керісінше «әділетсіздік орын алды» дегендер де болды. Сіздің осы нәтижеге қатысты айтарыңыз…
— Ең қатты налитыным қазылар алқасы мен халықтың алданып қалуы. Бірақ, алдай білу де өнер, сол үшін қарсыластарымды қатты сыйлаймын. Әділ қазылар шынайы әзілді нақ әрі дұрыс бағалай алды дей алмаймын. Максималды 30 ұпай болса, сол 30 ұпайды толық алатындай материал болды бізде. «Сәлемдесуден» бастап, «үй тапсырмасына» ең жоғары ұпайларды алатындай дайындық болған. КВН-ді шынымен түсінетін адам байқаушы еді. Финал болғасын жерде, ерекшелікпен келуді құп көрдік және солай келдік те. Екі айдан аса уақыт ЗОР дайындықтан соң, нәтиженің ойлағаныңдай болмағанына ішің ашиды ғой, әрине. Бірақ, ашу да, ыза да өткінші емес пе?!)) Бейнесайыста бізді халықтың да, қазылардың түсінбей қалуы қынжылтты. Бәлкім, соны орысша аудиторияға қойсақ, «жыртып» тастайтын ба еді…
— Орысша аудитория демекші, «ҚазҰУ құрамасы» Қазақстан КВН ашық лигасының 2013 жылғы чемпионы болды. Сонда әзілдеріңізді орыс тілді көрерменге өтімдірек болғаны ма? Әлде, мәселе қарсыластарда ма?!
— Иә, біз Қазақ ұлттық университетінің құрамасының 7 жылдан бері ала алмай келген чемпиондықты алдық. Осы уақытқа дейін, «Открытая лига КВН Казахстана» ойындарында ешбір топ біздің топты қарсылас санамайтын, қолдарын бір сілтеп жүре беретін. Бірақ, былтырғы жылы маусымға біз қазіргі құраммен, «қалай да чемпион боламыз» деп түстік. Жоспарды орындадық. Бұл жерде бірден-бір бізге көмектескені — біздің өзгеше ойлауымыз. Мейлі орыс тілді, мейлі қазақ тілді ойындарда басқа командалардан мүлде басқаша ойлайтындығымыз ерекшелендіреді. Осындай ерекшелікпен ғана ұтуға мүмкіндік болады.
— Ерекшеліктер жайында… «Ұлттық құраманың» тағы қандай ерекшеліктері бар, қарапайым көрермен біле бермейтін?  — Жүйелілік. Және сценарий жазуға қатысты, жалпы командаға қатысты бірнеше жүйелеріміз қалыптасқан. Ол «ҚазҰУ»-дың алғашқы құрамы кезінде-ақ құрылған жүйе. Мысалы, командамызбен «Жайдарман» болса да, болмаса да күніне 3 сағатқа жиналып тұрамыз. Бұл шығармашылық процесстің тоқтап қалмауын қамтамасыз етеді. Тағы біреуін айта кетейін, дайындық кезінде бір әзілге бәріміз бірдей күлмесек, тіпті барлығы күліп, тек бір адам ғана күлмей қалса да біз ол әзілді алып тастаймыз.
— «Жайдарманда» өзіңіз мықты санайтын жайдарманшы кім?
— Мен үшін «Ұлттық құраманың» әрбір ойыншысы мықты. Менің достарым болғандықтан емес, олардың авторлық әрі орындаушылық қырларын білгендіктен, шынымен мен оларды үздік жайдарманшылар деп есептеймін.
— «Ғажайыптар маусымында» редакторлардың, режиссерлердің беделді ойыншылардың таңдауымен үздік ойыншы танылдыңыз. «Лайықпын» деп есептейсіз бе?
— Жоқ, меніңше 2013 жылғы маусымда Нұрболхан Шарапов немесе Ғалым Махамбетов болғандары дұрыс еді. Ал, мен 2012 жылы лайықтырақ болдым бұл атаққа.
— Сіздер «Финал — 2013» соңғы әндеріңізді айтып, «Жайдарманмен», көрерменмен қоштасып кеттіңіздер де, «Маусымашарда» қайта оралдыңыздар…
— Иә, біз финалдан кейін үзілді-кесілді қатыспаймыз деген шешім қабылдадық. Алайда, бастаған істі соңына дейін жеткізу үшін қайта оралдық. Қайтып келуіміздің себептері көп, бастыларын айта кетейін. 5 желтоқсан Есен ағаның туған күнінде «Финал БИС» кезі, Шымкенттеміз. Барлық финалистер құттықтап, тілектерімізді айтып болып, Есағаның рахметін айтып жатып: «ҚазҰУ құрамасы маусымға оралса, туған күніме ең үлкен сый сол болады,» — деді. 40 жас мерейтойын сыйлықсыз қалдырғымыз келмеді)) Осы КВН-нің майталмандары келіп, тағы бір маусым ойнап, чемпиондықты алып кетулерімізге кеңес беріп жатты. Оған қоса, жанкүйерлеріміз өте көп хабарласып, шын ниеттерімен біздің кетпеуімізді сұрап, біздің маусымда қайта ойнауымыз түрткі болды. «Әдебиет маусымы» әдемі әзілдермен, әдемі ойынымызбен және әдемі нәтижемен аяқтайтынымызға сенемін!
— Рахмет!!!

More from the blog

14 қараша күні жайдарманның «Елорда кубогы-2021» арнайы жобасы өтті.

14 қараша күні жайдарманның "Елорда кубогы-2021" арнайы жобасы өтті. Еліміздің үздік командаларынан бөлек, өзбекстандық "Бұхара" командасы қатысып, бұл сайыстың дәрежесін халықаралық деңгейге көтеріп тастады....

«Шабыт»құрамасы «ELORDA KUBOGY-2021» иегерлері.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Елорда кубогы-2021» Жайдарман ойыны 14-қараша күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен...

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАУСЫМАШАР ФЕСТИВАЛІНІҢ» ІРІКТЕУ ОЙЫНДАРЫН 28-30 қыркүйек күндері 7 арнадан тамашалай аласыздар

«Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ ұйымдастыруымен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу” гранты...