Бөлісу

«Jaidarman AWARDS» марапаттау кеші

«Қазақстан КВН Одағының» үздіктерін марапаттауға арналған «JAIDARMAN AWARDS»  кеші өтті.

«Қазақстан КВН Одағы»  жыл сайын Маусымашар фестивалі  аясында өз үздіктерін марапаттап, алғыс білдіруді дәстүрге айналдырды. Биылғы марапаттау бұрынғылардан ерекше болды. Арнайы ұйымдастырылған «JAIDARMAN AWARDS» кешінде алғашқы құттықтау сөзді «Қазақстан Квн Одағының» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен сөйлеп, барша жайдарманшыларды өткен жылғы жетістіктерімен құттықтап, жаңа «Жарасым» маусымында да жеңісті күндер көп болуын тіледі.

Нағыз жайдарманшының шексіз қиялы сыналатын сайыс – қойылым. Әзілдердің тәтті-дәмдісі сақталып, ерекше ықылас, барлық шабыт қосылып дайындалатын, қиын да қызық «Үздік қойылым» номинациясын жеңіп алған команда – «Шабытты» маусымның чемпиондары «Сырдария құрамасы». Бұл топтың әр қойылымы көрермен көңілінен шыққаны сөзсіз.

«Jaidarman AWARDS» іс-шарасының аясында “Үздік жетекші” номинациясының жүлдері болып «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Атырау облыстық филиалының директоры Ернар Сакупов атанды!

Жайдарман шығармашыл жастарға жол ашты. Жайдарманшылар бүгінде еліміздің сан түрлі еңбек саласында өз орындарын тауып, табанды еңбек етіп жатыр. Олардың әрбірі жайдарман деген үлкен мектептен сабақ алғандықтан достық, еңбек, жауапкершілік, сапа, ар-ождан ұғымдарымен жақсы таныс. Сондықтан Жайдарман әрқашан түлектерін мақтан етеді. Осы іс-шарада «Үздік түлек» аталымы алғаш рет тағайындалып, түлектер жетістігін ерекше атап өтуді жөн көрді. «Үздік түлек» номинациясы бойынша «Спарта» командасын «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен марапаттады! «Спарта» командасы өз кезегінде Есен Елеукенге алтын алқа тақты.

Жайдарман — табанды ізденістің, тоқтаусыз жұмыстың жемісі. Кез келген топ бір сәтте жарқ етуі немесе жылдар бойы көрермен ықыласы үшін күресуі мүмкін. Не дегенмен олар жайдарманның ең басты кубогі көрермен ықыласына ие болады. «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша 2017 жылы жарқ етіп, көкейде сақталған «Элемент Семей» командасы марапатталды.

Жайдарманның әр әзілінің құны ат басындай алтынмен тең десек, жамбы ату әзілдері — нағыз жауһары. Жайдарман — әзілкештерінің сөз шеберлігін, әртістік қасиетін, табандылығын анықтайтын бетпе-бет шайқас. «Әзіл мергені» аталымы бойынша марапатталған Ұлан Мықтыбектің осы қырлары бір жыл бойы ерекше көзге түсті.

Бұл аталымдар номинанттарын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Раздықұлы Оралов номинанттарын марапаттады.

Барлық топтар барын салып дайындалатын, ерекше ойындарымен есте қалуға тырысатын сайыс – сәлемдесу. Ұйымдастыру алқасы таңдауы ұзаққа созылған номинация болды. Нәтижесінде «Шабытты» маусымның, жалпы Жайдарманның ең ерекше топтарының бірі «Сағыз» құрамасы «Үздік сәлемдесу» номинациясының жүлдегері атанды. Бұл аталымның жеңімпазына «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев марапатты табыстады.

«Үздік лига» номинациясында «Республикалық бірінші лига» Қызылорда үздік деп танылды. Ал «Үздік аймақтық жоба» номинациясында Маңғыстаулық барлық жайдарманшылардың басын қосып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған жоба үшін «Үздік топтар кеші» Маңғыстау филиалы жеңімпаз атанды. Танымал тележүргізуші Берік Уәли бұл аталымдар бойынша жеңімпаздардың есімін атап, оларды марапаттады.

Философия ғылымдарының кандидаты, ғалым Дархан Медеғалиұлы Жазықбаев «Үздік әкімгер» номинациясының жеңімпазы 10 жылға жуық уақытын Жайдарман ойындарына арнап, «Қазақстан КВН Одағының» әр ойынының ұйымдастыруына белсенді түрде ат салысып келе жатқан Ердос Оралбекке және «Жайдарман жаршысы» номинациясында әлеуметтік желілерде топтар құрып, түрлі ақпарат таратып жүргендердің ең белсендісі болғаны үшін үздік деп танылған «Jaidarmancity»-ге марапаттар табыстады.

Белгілі сатирик Көпен Әмірбек «Үздік аймақтық лига» номинациясының жеңімпазы атанған «Солтүстік Қазақстан облыстық лигасы» мен «Үздік аудандық лига» номинациясында жеңіске жеткен «Аягөз аудандық лигасын» марапаттады. СҚО КВН филиалы 2007 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Былтырғы жылы аймақтық лигалар арасында нәтижелі жұмыс көрсетті. Аягөз аудандық лигасы 10 жылдан астам уақыт аудандық деңгейде ойындар өткізіп келеді. Облыстық, аймақтық және республикалық Жоғары лиганың чемпиондарын тәрбиелеп шығарды.

«Jaidarman AWARDS» марапаттау кешінде «Үздік әріптес» номинациясына соңғы он жыл бойы Жайдарман ойындарын қолдап келе жатқан «Астана қаласының жастар саясаты мәселелерінің басқармасы», ал «Үздік демеуші» номинациясына тұрақты түрде соңғы 5 жыл бойы өз ауылынан шыққан жайдарман топтарына үздіксіз демеушілік жасаған  «Хангелді ЖШС» Боранқұл ие болды.

Аталым жеңімпаздарына марапаттарды ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице–министрі Абзал Нүкенұлы Нүкенов табыстады.

Барлық жеңімпаздарды құттықтаймыз!

Пікір қалдыру