Бөлісу

«Алматы қаласы әкіміның кубогы» фестивалінің жеңімпазы — ІТ құрамасы

2017 жылы 5 қыркүйек күні Алматы қаласында Алатау киноконцерт залында  «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Алматы қаласы әкімінің кубогын»  өткізді. Аталмыш шараның мақсаты — қағытпа қалжың мен астарлы әзілді ұштастыра отырып, жастар арасында көтеріліп жүрген өзекті тақырыптар мен қоғамда қызу талқыға түскен мәселелерді көрермен қауымға жеткізу, алтын уақытын қиып келген жандарға жақсы көңіл-күй сыйлау. 

Биылғы өткен жарты жылдықта әсем қаламыз Алматыда Республикалық Алматы Ашық лигасының ширек финалдық сайыстарын сәтті аяқтап, көрерменнің сүйікті бағдарламасы «Жайдарман» өз жұмысын бастады.

2017 жыл «Жастар жылы» екенін ескере отыра, жыл сайынғы жоспарға сай Алматы қаласы әкімінің кубогына тәжірибелі 13 команда қатысуға ынта білдірді. Олар:

  1. Жұлдызды жігіттер
  2. Жаңақорған
  3. Зертас құрамасы
  4. Байланыс жастары
  5. IT құрамасы
  6. Апорт
  7. Шапалақ
  8. Шымкент жастар құрамасы
  9. Томи Жери
  10. ҚЖУ
  11. Байдың балалары
  12. АЭСА
  13. Аягөз

Кешті талай жастың жанашыры болып жүрген Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ президенті Есен Елеукенжүргізді.

Бақ сынасуға келген командалардың барлығы дерлік Әкім кубогын иеленуге лайықты ойын көрсетті.

Сондай-ақ, жоғары және премьер лигаларда әдемі ойын үлгісін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленіп жүрген танымал  жайдарманшылар мен әзіл-сықақ шеберлері, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы белсенді жастары, журналистер кештің арнайы қонақтары болды.

Әділ-қазы алқасы мүшелерінің құрамында халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болып жүрген еліміздің бетке ұстар азаматтары Айдос Сарым, Ақылбек Досжан, Азамат Сатыбалды, Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек, Серік Ибрагимов пен елінің ерке қызы, соңғы кезде «Қайда, қайда?» деп ізденіс үстінде жүрген Ерке Есмахан болды.

Тартысты ойын барысында әзілдердің легі Алматы қаласы мен қаладағы болып жатқан өзгерістер жайында болды.

Әр ойынға камазбен келіп, камазбен кететін «Жұлдызды жігіттер» командасы «Іші пысқан командир» әзілімен залға күлкі сыйлап, өздерінің шексіз әскери қиялдарын көрсетті. Дегенмен бұл команда «Еліміздің биік қорғаны» деп айтуға лайық команда.

«Екі кіріс пен екі шығыс» дайындап келген «Жаңақорған» командасы бірден көрермен көзайымына айналды.

Сахнадағы қобалжу мен сөздерін ұмытып қалу жайында шынайы тың әзілімен «Зертас»командасының көшбасшы ойыншысы халықты күлдіріп алды.

Бар байлығын Халық банкте емес, power bank-те сақтайтын «IT құрамасы»  командасы жаңашыл форматтағы ойын көрсетіп жүргені бәрімізге белгілі. Осы ойынға үлкен дайындықпен келгені байқалды. Ойын барысында қоғамның демографиялық және тағы басқа өзекті мәселелері жайында «1 байтте 8 бит», «Файл бақыты» нөмірлері, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін IT тілінде сөйлетіп, қала әкімі жайында түсірілген  «Темір адам» атты фильмнің трейлерін көрсетіп жоғары екпіндегі әдемі ойын көрсеткені анық.

Жетісу өлкесінен келген «Шапалақ» командасы салиқалы, мән-мағынасы тереңде жатқан саяси-қоғамдық мәселелерді қозғайтын әзілдерімен көрермен назарына іліккені анық. Осы ойында да «Қазақтар көре алады, тек кейбіреулерінде мегабайт жоқ», «Айына бір өрт болып тұрмаса Алматы суып кетеді» деген сынды әзілдерімен көрерменге күлкі сыйлады.

Талай шыңдарды бағындырып үлгерген жайдарманшылардан құралған Марат Оралғазиннің сүйікті командасы «Томи Жерри» өзгеше форматтағы ойын сыйласа, «Байдың балалары» оңтүстіктің ыстық әзілдерімен жүректерді жылытты.

Керемет ойынның соңында Есен Елеукен Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ Алматы филиалының директоры Оңдасын Құлымбетовтың еңбегін атап өтіп, алғысын айтты.

«Жайдарман – үлкен қозғалыс. Жайдарманшылар – үлкен батырлар» — деп, актер Азамат Сатыбалды театр мен Жайдарманның арасындағы байланыс пен ұқсастықты атап өтіп, жайдарманшыларға сәттілік тіледі.

 

Ойын қорытындысы бойынша:

ІІІ орын мен 200 000 теңге ақшалай сыйлық – «Томи Жерри» командасына,

ІІ орын мен 300 000 теңге — «Шымкент жастар құрамасына» бұйырса,

Бас жүлде мен 500 000 теңге қаржылай сыйлықтың иегері «IT» құрамасы атанды.

Баян Әлтай

Пікір қалдыру