Бөлісу

«Күлтегін» және «Қорқыт жастары» топтарының болашаққа жоспарлары қандай?!

«Сауалнама» айдары бойынша кезекті сауалдарды командаларға қойғанды жөн көрдік. Маусымашар барысында редакторлық жұмыстарда  өнер көрсетіп жүрген командалардың санында шек жоқ. Жайдармандағы жеңісті сәттердің куәгері болған және басқа командаларға қарағанда бөлісетін тәжірибелері бар топтардың саны да жеткілікті. «Тарих» маусымының  чемпионы атанған «Күлтегін» жайдарман тобын сол командалардың қатарына жатқызуға әбден болады.

«Күлтегін» жайдарман тобы:

Нақты мақсат қойған команда жеңіс тұғырынан көрінеді

IMG_1139

— «Чемпион» атанған команданың көңіл күйлері қандай екен?

— Чемпиондық көңіл күй маусымашарға қарағанда финал кезінде өте жоғары деңгейде болатын. Жайдарманда өнер көрсетіп жүре бергіміз келетінін жасырмаймыз. Бірақ, әрнәрсе өз уақытымен. Бастысы, команда құрылғаннан бастап қойылған нақты мақсат жүзеге асты. Сол үшін де қуаныштымыз.

— Болашақта «Күлтегін» жайдарманға қайта келеді ма?

— Арнайы жобаларда өнер көрсетуіміз нақты белгілі. Ал, сахнаға қайта келіп сайысқа қатысып өнер көрсету ойда жоқ. Өйткені, команда мүшелері бүгінде қызметтерінде.

— Чемпион ретінде жас командаларға айтар кеңестеріңіз қандай?

— Команда құрылмас бұрын нақты мақсат болу керек. Сол мақсатқа жету үшін, нәтиже болу үшін аянбай еңбек еткен дұрыс. Жасыратыны жоқ, жайдарманды жоспары нақтыланбаған жарты жолдан тастап кететін командалар да бар. Мысалы, біздің команда жеті жыл қатарынан сайысқа түсті.  Қазіргі құрам болып төртінші рет маусымда өнер көрсету арқылы жеңіс тұғырынан көріне білдік. Сонымен қатар, «Қазақстан КВН Одағы» ұжымында қызмет ететін әр қызметкердің  нақтырағы редакторлардың ақыл-кеңестерін тыңдай жүріп, сапалы әзілдерді бейнелей білген дұрыс.

 Сонымен қатар, биылғы маусымға қатысуға ниет білдірген командалардың қатарында қызылордалық «Қорқыт жастары» да бар. Бұл топ республикалық премьер лига сайыстарында өнер көрсеткен болатын.  Биылғы маусымда жеңіс  тұғырынан көрінсек деген ізгі армандарымен келген «Қорқыт жастары» командасының да жауаптарын тыңдағанды жөн көрдік.

«Қорқыт жастары» жайдарман тобы:

Биылғы маусымға дайындық  жоғары деңгейде

IMG_1055

— Қызылордалық «Қорқыт жастары» командасы биылғы маусымға қандай дайындықпен келді?

— Биыл біздің команданың дайындығы жоғары деп айта аламыз. Өйткені , алдыңғы жылы жоспарымыз сәтті жүзеге аспай сайысты соңына дейін жалғастыра алмадық. Биыл команданың мүшесі толығып, әнші және биші  өнерпаздар қосылды.

— «Қорқыт құрамасы» командасының ізін басқан «Қорқыт жастары» өзге командаларға қарағанда  ерекшеліктері бар деп айта аласыздар ма?

— Шынымызды айтсақ, біздің команда өзге командалардан өзгерек деп айта алмаймыз. Әрине, әр команданың өз бағыты болатыны айқын. Сол секілді жайдарман сахнасында өнер көрсетіп жүрген жайдарман топтарының біріміз.

— Сіздер жанкүйерлік ететін команда қандай?

— Біз Қызылордадан шыққан барлық командаларға жанкүйерміз. «Қорқыт құрамасы», «Арал-Ас» жайдарман топтарынан бөлек, «Назар Аудар» командасына жанкүйер боламыз.

Айдана Әлиарыстан

Пікір қалдыру