Бөлісу

Қызылордада мұндай ойын бұрын соңды болмаған…

said1

Жайдарман-көңілді тапқырлар мен әзілкештер мекені. Осы салаға қызығы басым, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды мақсат еткен жайдарман сүйер жастар бүгінде өнерлерін ортаға салуда. Әрине, осы салаға түбегейлі бет-бұрған жайдарманшылардың орны ерек болары сөзсіз. Бірақ, бұрын-соңды әзіл әлемінен тысқары жандардың жайдарман ойнағанын көріп па едіңіз?! Міне, осы үрдіс республика көлемінде алғаш рет Сыр елінде орын алды.
«Мамандығым-мақтанышым» атты жас мамандар арасында өткізілген бұл сайыстың басты мақсаты-жұмысшы жастар арасында достық қарым-қатынас орнату, кәсіби және шығармашылық байланыстарды нығайту болып табылады. Фестивальдің ерекшелігі жергілікті мекемелердегі әр салада жұмыс жасайтын 20-29 жас аралығындағы жастардан құралған командалар қатысты.
Атап өтер болсақ, «Жасыл ел» құрамасы, «Құрылыс жасақтары», «Батт Ойл-Трейд»ЖШС, «Жастарды қолдау орталығы», Қызылорда Локомотив пайдалану депосы, Қызылорда қалалық білім бөлімі, «Болашақ жастары» жастар қоғамдық бірлестігінен командалар өзара сайысқа түсті.
Айта өтейік, айтулы шара Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ-нің Қызылорда облысы бойынша өкілдігі және «Қызық Орда» шығармашылық тобы» қоғамдық қорының ұйымдастырылуымен өткізілген болатын.
Расымен, Н.Бекежанов драма театрында өткен жайдарман сайысы қатысушылардың ғана емес, көрермендердің де көңілінен шыға білді. Сахна төрінде кәсіби өнерпаз болмаса да, аянып қалмаған жас мамандар тұла бойындағы өнерлерін ортаға салды. Әділ қазылардың шешіміне сәйкес, үшінші орын Қызылорда қалалық білім бөліміне тиесілі болса, екінші орынды «Батт Ойл-Трейд»ЖШС еншіледі. Ал жүлделі бірінші орынға Қызылорда Локомотив пайдалану депосы лайық деп танылды.

Пікір қалдыру