Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Қызық Орда» шығармашылық тобы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген «Жайдарлы жаз. Comedy Park» атты жастар акциясына бірқатар өнерлі жастарымыз қатысты. Атап өтер болсақ, «Тұңғыш Астана», «Қорқыт жастары», «Ақмешіт құрамасы» сонымен қатар Республикалық Орталық лигалардың үздіктері «БУ құрамасы», «Сыр жастары», «Қызылорда мектептер құрамасы», «Сыр заңгерлері» сынды жайдарман топтары жиылған жұртшылыққа күлкі сыйлады. Сондай-ақ, өнерлі жастар әннен шашу шашып, көпшілік көңілінен шықты.
Қалалық демалыс саябағында жыл сайын жаз мезгілінде өткізілетін бұл акцияның ерекшелігі қалалық мәдени-демалыс саябағының жайдарманшылар үшін арнайы тігілген жүлдесі болды. Осы жүлде үшін жайдарман топтары арасында тартысты ойын өрбіді. Сайыс барысында өнер көрсеткен командалардың арасынан арнайы жүлдеге «Қорқыт жастары» жайдарман тобына лайық деп танылды. Көңілді кешті көруге жиналған көрермендердің ыстық ықыласы арқылы жеңімпазды жиылған жұртшылықтың өзі таңдады.
Республикалық премьер лигада бақтарын сынап жүрген бұл әзілқой жастардың жетістіктері де аз емес. Оның үстіне қарапайым халық қазылық еткен бұл акцияның орны ерекше болары анық. «Қызық орда» қоғамдық қоры алдағы уақытта түрлі тақырыптағы кештерді ұйымдастырып, халыққа көңілді кеш сыйлайтын болады.