Жайдарман – үлкен бір отбасы, ұйым, қозғалыс десе де болады. Ал, кез-келген салада өздеріне тән кәсіби термин сөздер болатынын бәріміз білеміз. Ал, жайдарманда Ресейлік КВН ойындары арқылы сіңіскен бірең-сараң сөздерден басқа, төл терминдеріміз әзірге жоқ. Сондықтан, өз нұсқамды ұсынып көрейін. Қаншалықты өміршеңдігін уақыт көрсетер. Өзгерістер мен толықтырулар әлі де енгізіледі.
Балабақша – облыстық ашық (қалалық) лига. Жайдарман мектебін жаңадан бастаған командаларға арналған лига болғандықтан солай атауды жөн көрдім.
Мектеп – орталық лига. Үлкен өмірге дайындығын бастаған топтар өнер көрсететін лига.
Лицей – Бірінші лига. Үлкен өмірге командаларды тереңдетіп дайындайды.
Колледж – премьер лига. Бітірсең жоғарыға түсесің, колледжден қайтсаң да ешкім ештеңе демейді.
Универ – жоғары лига. Бұл лиганы нағыз мамандар тәмәмдайды.
Сыныптас командалар – бір орталық лигадан бір жылда телевизиялық лигаға шыққан командалар. Мысалы, бір мектептен бірге колледжге түскен сыныптастар, «Сыр елі» орталық лигасынан шыққан «Фемида» мен «Қармақшы құрамасын» айтуға болады.
Параллель сыныптас – бір жылда телелигаға екі түрлі орталық лигадан келген топтар. Мысалға Боранқұл («Батыс» орталық лигасы) мен Ақмешіт құрамасы («Шығыс» орталық лигасы), т. с. с…
Группалас – премьер немесе жоғары лигаға бір жылда түскен командалар. Мысалға, «Экспресс» пен «Ұлттық құрама» (2012 ж., жоғары лига).
Куратор – облыстық ашық, орталық, бірінші лига редакторлары
Доцент – премьер лига және жоғары лига редакторлары
Бас – жоғары лига Бас редакторы
Шопыр – лига ойындарының жүргізушісі
Клиент – қазылар алқасы. Бағасын беретін сол кісілер, кей жағдайда «тұтынушынікі әрдайым дұрыс» деген қағидаға да келеді.
Тапёр – әуенмен әрлеуші, оны бәріміз білеміз…
Шопан – командада ойнамайтын, бірақ әрқашан бірге алып жүретін жетекші.
Мұражай – ардагер жайдарманшы. Бұрын телевизиялық лигада ойнап кеткен ойыншы.
Академик – жоғары лига чемпионы атанған ойыншы.
Пластмасс ойыншы – жыл сайын бір лигада, бір деңгейде ойнай беретін, өспейтін ойыншы.
Пластмасс команда – жыл сайын бір лига ойынына келіп ұшып кете беретін өсімі жоқ команда.
Жырау – өздері жазып, өздері ойнайтын команда.
Жыршы – автор жалдайтын команда.
Домбыра – редакторлық жұмыстарға, дайындыққа кешіге беретін команда. Кешіге беретіндер – нағыз қазақтар. Ал, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз білеміз.
«Музарт» команда – халық сүйетін топ. Мысалы, «Назар аудар», «Сағыз», «Демеушіміз болашақ», «Техас», т. с. с
Ертөстік команда – тез өсіп кеткен команда. Құрылғанына 2 — 3 жыл болмай жетістікке жеткен топтарды айтуға болады.
Бекежан команда – плагиат ойнаған команда. Плагиат ойнау редактордың арқасына садақ атумен тең.
Кәмпитқағаз команда – әзіл жазудан бұрын, жылтыраған форма киіп, шаштарын әдемілеуді ойлайтын командалар. Былайша айтқанда, сырты әдемі де, ішінде түк жоқ командалар.
Шыбын – бір күндік команда. Бір ойынға қатысып, әрі қарай тарап кететін топтар.
Шегіртке – маусымды соңына дейін аяқтамай, белгілі бір ойынға келмей қалып, секіріп кеткен командалар. Мысалы, жартылай финалға өтіп тұрып, бармай қалса. Мүмкіндіктері болмай қалуы мүмкін. Бірақ, қыстың қамын жазда ойлау керек.
Шана – резервпен көп өтетін команда.
Жылытпа – багаж, өткен ойындарында ойналған әзілдер.
Роллтон – ойынға бір түн қалғанда жазылған конкурс.
Қасиет Кәрім www.jas.kz