2015 жылғы 5-8 тамыз аралығында «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Халықаралық жастар күніне орай «Жастар» жазғы фестивалі өтпек. 5 тамыз күні фестивальдің ашылу салтанаты өткізілді. Шара барысында «Қазақстан КВН Одағы» РҚЖБ Президенті Есен Елеукен және редакторлар тіркелген командаларға «Жастар» фестивалінің мәні мен мағынасы туралы толық ақпарат берді. Соңында жеребе тартылып, қатысушы жайдарман топтарының реттілігі анықталды.
Жазғы фестивальдің басты мақсаты:
- Жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту және олардың зерделік потенциалын жүзеге асыру;
- Жастар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін қолайлы жағдай жасау;
- Мемлекеттік тілді КВН қозғалысын өркендету. Қазақ тілін кеңінен қолдану өрісін көркейте түсуге және де беделін арттыруға үлес қосу болып табылады.
Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде домбыра party, асық ойнау, би батл, плагиат шоу сынды конкурстар, редактуралық (дайындық) жұмыстарын жүргізу, «Гала-концерт» өткізу жоспарланып отыр. Фестивальге Астана қаласы мен еліміздің басқа да өңірлерінен 50-ден астам команда, 300-ге жуық команда мүшелері мен жетекшілері, БАҚ өкілдері мен блоггерлер қатысады деп күтілуде. Аталмыш фестивальдің қорытындысы бойынша ең үздік командалар іріктеліп телетүсірілімі бар «Гала-концертке» қатыстырылып, сертификаттар табысталады.