Наурыздың 14-17 күндері аралығында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының қолдауымен Жайдарман ойындарының «Жарасым» маусымындағы Жоғары лига 1/8 финалдық сайыстары өтті. Әр сайыстағы дәстүр бойынша ойынды Есен Елеукен жүргізіп, барша халықты қазақтың төл мерекесі саналатын Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Бейбітшілік және келісім сарайында» 4 күн қатарынан командалар келесі тізім бойынша өнер көрсетті.
14 наурызда сахнаға шыққан топтар: «ТҰРАН-АСТАНА», «ЖАҢА СЕМЕЙ», «АБЗАЛ ЖАНДАР», «ОҚМПУ», «ЖАҢАҚОРҒАН».
Наурыздың 15 күні сайысқа түскен топтар: «АТУ», ЭЛЕМЕНТ», «БОРАНҚҰЛ», «ЗЕРТАС», «АКЦЕНТ».
16 наурызда өнерлерін ортаға салған топтар: «ФЕМИДА», «РАХМЕТ», «ҚЫЗЫЛОРДА», «МИЛЛИОН», «ҚТЖ».
1/8 финалдық сайысының соңғы ойынын 17 наурызда ойнаған топтар: «БАЙДЫҢ БАЛАЛАРЫ», «ГРАНТ», «ШАПАЛАҚ», «АПОРТ», «ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ».
Қатысушылар 3 кезең бойынша сынға түсті. Олар: сәлемдесу, қайым айтыс және көрініс. Жалпы ойын тақырыбы — «Жақсыға жақсы жарасар». Қайым айтыс кезеңі әділ қазыларға ерекше ұнады. Себебі мұнда жайдарманшылардың суырып салма мен ұйқас құра білу қасиеті, алғырлығы мен тапқырлығы басты назарға алынады. Нағыз мықтылар сайысы саналатын бұл кезеңде барлық команда жарасымды өнер көрсетті.
Әр топтың 1/8 финалға дайындаған жаңалықтары да, жарасымды әзілдері де, би мен ән үйлесімі де жеткілікті болды. Командалардың сахнада өздерін еркін ұстау қабілеті мен бар өнерлерін аша білу қасиеті жыл өткен сайын жақсарып келеді. Тәжірибемен келетін мұндай шеберлікке команда ойыншыларының өзара татулығы мен еңбекті талап ететін дайындығы тікелей әсер етеді. Жайдарманда жарқырау үшін талай сынға төзе білген жайдарманшылар көрерменді әлі де талай тың дүниелерімен қуантатыны сөзсіз.
Жоғары лиганың келесі 1/4 финалдық сайысына топ жарып, жолдама алған топтар тізімін ұсынамыз:
- Рахмет (ШҚО);
- Апорт (Алматы);
- ОҚМПУ (Шымкент);
- Абзал жандар (Ақтөбе);
- Жаңақорған (Қызылорда обл.);
- Тұран-Астана (Астана);
- АТУ (Алматы);
- Элемент (Семей);
- Боранқұл (Маңғыстау обл.);
- Қызылорда (Қызылорда обл.);
- Миллион (Шымкент)
- Фемида (Ақтөбе);
- Грант (Орал);
- Өзенмұнайгаз (Жаңаөзен);
- Байдың балалары (Шымкент).
Келесі кезеңге өткен командаларды құттықтаймыз! Қымбатты көрермендерді күлкіге қарық қылып, мәнді де мағыналы әзілімен ой салатын жайдарлы Жайдарманның келесі ойындары жақын арада өтетінін қуана хабарлаймыз!