Ең алдымен, жаңа жыл құтты болсын! Жалпы, «Сырдария құрамасының» құрылу тарихы және идея тастап, оның негізін қалаған кім?
Құттықтау үшін рахмет үлкен!
Негізінде біздің топтың аты «Сырдария» құрамасы. Ал оның құрылу тарихына келер болсақ, 2013 жылдың ақпан айында «Маусымашар 2013» жайдарман фестивальіне біз Жетісай қаласының атынан қатысқан болатынбыз. Ол кезде ешқандай демеуші жоқ, себебі Жетісай қаласынан «Витамин» жайдарман тобынан соң Республикалық деңгейде сайысқа түсе алатын команда шықпаған еді. Сондықтан да, біздің қалада «Жайдарманға» жаны ашитын демеуші табу қиын болды. Өз күшімізбен барған алғашқы ойынымыздан үміт барын байқады-ау, бізді фестивальдің эфиріне алып қалды және Республикалық Алматы ашық лигасына жолдама берді. Сол «Маусымашар 2013» -тен соң бізге Сырдария университетінен ұсыныс келді. Біз қуана ұсыныстарын қабылдап, содан бері өзіміздің университетіміздің атынан сайысқа түсіп келеміз. 2013 жылы Алматы ашық лигасының жеңімпазы атандық. Ал оған дейін Жетісай қаласында жеңімпаз атанып, 2012-2013 жылдары облыстық жайдарман лигасында қатарынан екі жыл 2- орын алғанбыз. Созақ ауданы әкімінің жүлдесі үшін болған сайыста 2- орын; Шымкент қаласы әкімінің жүлдесі үшін болған сайысқа үш рет қатысып екеуінде үздік ойыншы номинациясын біздің команда иеленсе, осы жылы болған ойында 3- орын алдық. Биыл облыстық «Маусыашар-2014» фестивалін ерекше жарыс қылып өткізді. 23 команданың ішінен жүлделі 1-орынға ие болдық.
Осы ұмтылыстардың нәтижесі шығар, Республикалық Премьер лиганың чемпионы атандық. Қазіргі «Сырдария» құрамасының тарихы осындай. Ал негізінде бізге дейін университетімізде осындай Жайдарман тобы болған. Ал, бізге ұсыныс тастап жалпы команданың құрылуына, осы күнге дейінгі нәтижелеріміздің барлығына қол ұшын беріп септігін тигізген университетіміздің басшысы — Есенкүл СЕЙІЛҚЫЗЫ.
Әзілдерді қайдан, қайтіп аласыңдар және әзіл таңдағанда ең басты оның қандай ерекшеліктеріне назар аударасыңдар?
Әзіл шығару деген негізі құбылмалы дүние біз үшін. Себебі кейде командадағы жігіттермен әзіл шығаруға жиналғанда бір әзіл шығарудың өзі сұмдық қиындайды, ал кей кезде бірінен соң бірі ілесіп идеялар келіп жатады. Мысалыға айтар болсам премьер лига ойындарының ширек финалындағы бауырсақ жайлы көрінісіміз 10 минутта шыққан дүние. Ал әзіл жазарда біз оның ең алдымен тақырыпқа сай болуын, күлкілі жағын, өмірден алынуын, астарындағы мағынасына қарауға тырысамыз және қазақилықтың иісі шығып тұрса деген ой болады. Салт-дәстүр, әдет ғұрыпты сақтаған дұрыс қой…
Командадағы ойыншылар Жайдарман ойындарына қалай келді? Бір-біріңді қалай таптыңдар?
Жалпы Жайдарманды ұнаттық, қызығушылық болды, әзілдескенді жақсы көрдік. Саған қарап отырған әр адамға күлкі сыйлау біз үшін бақыт болатын, оның үстіне құдайдың берген өнері болу керек сахнаға тартып тұрады қай уақытта да. Сондықтан болар, «Жайдарман» біздің өнеріміздің халықтың алдына шығуына дөп келген бірден –бір жоба. Бізді таныстырған сол, университет қабырғасы мен әзілсүйгіштігіміз. Өйткені, командада бір-біріміздің не айтқымыз келгенін қабақ пен күлкімізден-ақ түсінісе аламыз.
«Сырдария» университеті қаншалықты қолдау көрсетеді? Әлде, басқа да демеушілерің бар ма?
Университетіміз көмегін аямайды, қолдау көрсетуден қашпаған. Әрқашан демеушілік жасап әр сайыс алдында команданы жинап, бата-тілектерін беріп отырады. Соның арқасында болар нәтижелеріміз жаман емес, шүкір. «Сырдария» басшылығынан өзге демеушіміз жоқ, алайда қажет кезде қол ұшын беретін достарымыз бен ағаларымыз бар.
Тойға шығасыңдар ма?
Тойға шықпаймыз.
Неге?
Әлі ерте сияқты. Тойдың жауапкершілігі бар. «Жайдарман» көрермендері мен тойдағы халықтың әзіл қабылдауы әр түрлі, оған үлкен дайындық керек. Мықты тәжірибе ұзақ уақытта келеді. Егер, Жоғары лиганың жеңімпазы болсақ шығамыз…)
Редакторлықтан өткенде әзілдеріңнің қанша пайызы қабылданбай қалады? Көбінесе не себептен?
Редакторлық жұмыс кезінде әр кезде әр қалай, ол редакторға емес өзіміздің дайындығымызға байланысты. Жақсы әзілдер алып барсақ әрине қалдырады.
Құрамадағы ойыншылар қалай таңдалды? Қандай ерекшеліктеріне мән бердіңдер?
Құрамдағы ойыншылардың әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Олар мен үшін өмірде бірдей көретін бауырларым болса, ал сахнада олар шахмат тастары секілді, әр қайсысының өзіндік жүрісімен рөлі бар. Яғни командаға қажет барлығы. Ал нақты ерекшеліктерін білгілеріңіз келсе ойынымызды көріңіздер))
Финалда қай құрамадан қауіптендіңдер және не себептен?Финалда менімше нақты бір командадан сескену дұрыс емес, себебі олар финалға жетіп келді ме, демек мықты. Финалдағы әр қарсыластарымыздың өзіндік бір ерекшеліктері болды. Сондықтан финал оңай болмады.
«Сырдария құрамасының» алдағы жобалары мен жоспарлары қандай?
Бұйырса қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында «Маусымашар-2015» фестивальіне барамыз, сонда бізді Жоғарғы лигаға сайысуға жолдама беретіні анықталады. Жоғарғы лигаға дайындықты енді бастаймыз.