Сыр өңірі талантты жастарға кенде емес. Өңіріміздің намысын республикалық деңгейдегі «Жайдарман» сайыстарында қорғап жүрген жайдарманшы жастардың жетістігі осы сөзге дәлел. 2013 жылы «Үздік филиал» атағын жеңіп алған «Қызылорда КВН» филиалы «Жайдарман» әлеміне қанат қаққан жас буынның армандарының орындалуына септігін тигізіп, мол мүмкіндік жасауда. Осы орайда, әзіл әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан аға буынның жас буынға керек кеңесі мен айтар ақылы қымбат екені даусыз.
Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелер басқармасының мәжіліс залында халықаралық КВН жұлдызы Нұрлан Қоянбаевпен облыс жайдарманшыларының кездесуі болып өтті.
Бүгінде ұлттық арна арқылы көрерменге жол тартқан «Түнгі студия» бағдарламасының жүргізушісі әрі продюсері және арнаның креативті директоры қызметін атқарып жүрген Нұрлан Қоянбаев кездесу барысында өмір жолындағы қызықты сәттерімен қоса, өнер әлеміне енді қанат қаққан жылдарын еске түсірді. Сонымен қатар, жайдарманшылардың шығармашылығын шыңдау мен этикасын, сахна мәдениетін, әзілдердің жазылуы жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ, Халықаралық КВН жұлдызы жиылған жастар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап беріп, алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Жиын соңында Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелер басқармасының бастығы Жандос Базартай аймақ жастарының атынан арнайы сыйлықты табыстады.
Тележүргізуші әрі бірқатар тележобалардың продюсері Қоянбаев мырза Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. Туған жерін мақтан тұтып жүрер азамат жерлес іні-қарындастарының өмір белесінде тек алдыңғы қатардан көрінуді тіледі. Айта кетейік, бұл кездесу «Жайдарман» Қазақша КВН сайыстарын дамыту қызметі әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелер басқармасы және «Қызық Орда» шығармашылық тобы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.