Биылғы жылы Жамбыл облысында «Әулие ата» республикалық орталық лигасы, «Жайдарлы» жастар КВН лигасы, «Жайдарлы Жас ұлан» мектеп лигасы және «Шу» жастар лигасы ресми түрде жұмыс жасайды. Жалпы осы лигаларда биылғы маусымда ойнауға 100-ден аса командалар ниет білдірген.
Сәуірдің 1 күні Тараз қаласында Маусымашар-2016 фестивалі өтті. Фестивальға 30-дан аса командалар тіркелді. Ойынға Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Жамбыл облысының командалары қатысты.
Өткен ойынның ерекшеліктерінің бірі оған Тараз қаласы әкімінің кубогы тігіліп, орын алған командаларға жүлделер қойылды. Бұдан былай «Үздік ойыншы», «Үздік әзіл», «Жайдарман аруы» және «Көрермендер көзайымы» номинациялары да болды. Аталмыш шара Тараз қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар орталығының қолдауымен өткізілді.
Екі бөлімнен құралған ойынның шымылдығын жас командалар ашып, негізгі бәсекені тәжірибелі топтар жалғастырды. Барлық топтар жақсы өнер көрсетіп, ойын жоғары деңгейде өтті. Көрермендерге Жамбыл облысының намысын Республикалық жоғарғы лига ойындарында қорғап жүрген «Шу-Чу» құрамасы да әдемі әзілдерінен шашу шашты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Үздік әзіл» номинациясын Тараз қаласының «Болашақ» құрамасы, «Жайдарман аруы» номинациясын Қаратау жастар құрамасының ойыншысы Бекназарова Дильназ, «Үздік ойыншы» номинациясын Шығыс Қазақстан облысынан келген «Престиж» жайдарман тобының ойыншысы Ахатаев Мухтарбек және «Көрермендер көзайымы» номинациясын Талдықорған қаласының «Асар» тобы жеңіп алды. Ойынға келер болсақ, 3-орынды Тараз қаласы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Бұзық қыздар» жайдарман тобы, 2-орынды Тараз қаласы «Болашақ» колледжінің «Болашақ» құрамасы және бас жүлде — Тараз қаласы әкімінің кубогын Шығыс Қазақстан облысы мемлкеттік техникалық университетінің «Престиж» жайдарман тобы иеленді. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.