18 маусымда Астана қаласы, Конгресс Холл сарайында «Қазақстан КВН Одағының» 10 жылдық мерейтойына орай «Туған күн – 2015» республикалық арнайы жобасы өтті. Мұндай жобаны ұйымдастыру жыл сайын дәстүрге айналған. Биылғы жоба да өз деңгейінде өтті. Ойынның басты ерекшелігі — соңғы төртжылдықтың чемпиондары мен Жоғары лигада өнер көрсетіп жүрген командалар бірігіп сайысқа түсті. 2014 жылғы Жоғары лига чемпиондары — «Ұлттық құрама» мен «Жаснар» жайдарман тобы, 2013 жылғы чемпион — «Назар аудар» және Атырау облысы, Сағыз селосының командасы «Сағыз», 2012 жылғы чемпион – «Экспресс» пен Еуразия ұлттық университетінің командасы «Күлтегін», 2011 жылғы чемпион – «АралАс» пен Қызылордалық «Қармақшы құрамасы» бірігіп өнер көрсетті.
Белгілі сатирик Көпен Әмірбек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Роза Кәрібжанова, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрлан Сыдықов, «Лондон» олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, «Базар жоқ» театрының директоры Тұрсынбек Қабатов чемпиондар мен чемпиондыққа үміткер жайдарманшыларға қазылық етті.
Ойын қорытындысы бойынша, «Назар аудар» және «Сағыз» командалары жүлделі І орынға ие болды. «АралАС» және «Қармақшы құрамасы» ІІ орын, «Ұлттық құрама» мен «Жаснар» және «Экспресс» пен «Күлтегін» командалары III орынға ие болды.
«Қазақстан КВН Одағы» және барлық жайдарманшылар атынан «Туған күн – 2015» арнайы жобасының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз!!!