Рухани Астана Түркістанда әкім кубогі үшін республикалық деңгейде жайдарман сайысы ұйымдастырылды. Көрермендер мен жайдарманшыларды керемет кеште кездестіруге сеп болған Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы”.
Республика көлемін қамтыған аталмыш жобаны ұйымдастырудағы мақсат — Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуы қарсаңында қала келбетіндегі жаңа өзгерістерді таныта отырып, қалыптастыруда жастарды белсенділікке шақыру.
Сайысқа Түркістан облысы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Сейтжапбаров, Кентау қаласы Қоғамдық кеңес төрағасы Хайрулла Қожабаев пен Марат Достаев, Жанболат Досбол, Мейіржан Есенғараев есімді жайдарманшылар қазылық етті.
Сонымен, Түркістан облысы әкімінің кубогі үшін ұйымдастырылған республикалық жайдарман ойындарына қатысқан командалар тізімі:
Шымкенттен «Миллион», «Бүгін.КЗ», «Капитан» командаларымен
Ақтөбеден “Фемида”,
Талдықорғаннан «Шапалақ»,
Алматыдан «Тесо.КЗ», «Ату»
Оралдан «Жаңа Толқын»,
«Қызылордадан «Қызылорда құрамасы», және жетісайлық
«Сырдария құрамасы» жайдарман тобы.
Қатысушы 10 команда ұтымды әзілдері мен өнегелі өнерлерін ортаға салды. Көрермендер қолдап, қазылар бағалады. Нәтижесінде, 3-орынды Талдықорғаннан келген “Шапалақ” тобы еншілеп, 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болса, 2-орынға Ақтөбе облысынан келген “Фемида” лайық деп танылып, арнайы кубок пен 300 000 теңгені қанжығаға байлады. Түркістан облысы әкімінің кубогі мен 500 000 теңгені Шымкенттің “Миллион” командасы алып, жеңімпаз атанды.