Бүгінде Қызылорда облысындағы жайдарман сайыстарының тоқтап тұрғаны көпшілікке мәлім. Кезекті сайыс облыстық ашық чемпионаттың жартылай финалдық сайысына бағыт алғанда бұл сайыс неліктен жалғасын таппады? Өңірде аталмыш жарыс өз жұмысын қай уақытта жалғастырмақ? Жайдарман сүйер жергілікті тұрғындарды жағымды жаңалықпен қашан қуантпақ? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Қызылорда Жайдарман» орталығының директоры Абдусаид Тулегеновпен болған шағын сұхбат барысынан біле аласыздар.
— Абдусаид аға, бүгінде қала тұрғындары «Облыс көлемінде жайдарман сайыстары қашан болады?!» деген секілді хаттарын көптеп жазуда. Көпшілікті толғандырған осы сауал төңірегінде өз жауабыңызды айта отырсаңыз…
— Әзірге Қызылорда қаласында жайдарман сайыстары өтпелі кезеңде. Биыл жайдарман сайыстарының тоқтап қалған себебі – біздер алдыңғы жылы қыс-күз маусымдық жүйемен чемпионатты ауыстырып жұмыс жасап көрсек деген болатынбыз. Бірақ, өкінішке орай біз ойлағандай сәтті жүзеге аса қоймады. Сол себепті биылғы маусымды шілде айының соңында өтетін «жазғы кубокпен» қорытындыламақ ниеттеміз.
— Сонда, нақтысы жайдарман сайыстары жақын арада жалғасын таппақ демекшісіз ғой?
— Иә, чемпионат қайтадан өз орнына яғни оқу маусымы секілді қыркүйек-мамыр жүйесіне қайтарылды.
— Чемпионат жұмыстары өз жұмысының толығымен аяқталмауына басты не себеп?
— Біріншіден зал тапшылығы…Бос емес! Шыны керек, түрлі сылтау айтып концерттік залдарды жалға алудың реті келмейді. Екіншіден, командалар ауысуы. Яғни, жоғарыда айтқандай «Қазақстан КВН Одағы» маусымдық жүйесіне ілесеміз деп біздер жарыс күндері сол жақтың күнтізбесімен сәйкес болып, чемпионаттың биыл дәрежесі түсіп кетті. Чемпионат негізі республикада қызылордалық құрамаларға ас жасайтын үлкен «қазан» болуы керек. Биыл, қазанның асты өшіп қалса, қайта тұтанары анық. Осы себептермен биылғы маусымда қызылордалық құрамалар әлсіреп қалды.
— Осы сауалға қосымша болсын, командалар тарапынан өкпе-реніш сезімдері бой алдырған жоқ па?
— Әрине! Ренжулі шығар, себебі маусымашарда берген уәденің ешқайсысы орындалмады. Дегенмен, жағдай да түсінікті болар деп ойлаймын. Енді кез-келген жұмыс орнына уақытша «құлдырау» таныс жағдай деп білеміз. Арасында жеңісті сәттерден де жырақта болып тұрған да дұрыс шығар (күлді). Әйтпесе, 2010 жылдан бері біздің чемпионат республика бойынша көш бастағандардың қатарынан келеміз. Ештеңе етпес, бір сүрінсек, үстімізді қағып алдыңғы қатарға жетіп аламыз. Ал, облыс жайдарманшыларына айтарым, осы демалысты сәтті өткізіп алыңдар. Алдағы уақытта жауапкершігі мол күндер күтіп тұр…
— Командалар демекші, биылғы маусымда жергілікті командалардың басым көпшілігі республикалық сайыстарда жанкүйерлерінің үмітін ақтай алмауда…Бұны командалардың жалқаулығына жатқызамыз ба, әлде?…
— Жоғарыда айтқандай «Қазақстан КВН Одағы» маусымдық жүйесіне ілесеміз деп өзіміздің әдеттегі маусымдық жүйені ысырып жат системаға көшіп көрген болғандықтан… Мысалы, баяғыда күзден бастап чемпионат жасап бәсеке барысында туған әзілдер құрамалар үшін азық болып жүретін. Оның үстіне бірге дайындық жұмыстарын жүргізуге уақыт да табылатын. Ал, биыл чемпионат күндерін жоспарлаймын десек, кезекті өзге өңірдің лигасы, басқа күнге жоспарласақ, ол кезде де өзге сайыстардың өтетін мезгілі жақындап тұрады. Әрине, мойындау керек, бұл – менің үлкен қателігім. Баяғы жұмыс жүйесімен жүзеге асырғанда, жоспарлағандай болуы бек мүмкін еді…
— Көпшілікке таныла қоймаған, бірақ облыс көлеміндегі сайыстарда жоғары деңгейде өнер көрсете білетін, «болашақта осы командадан үлкен үміт күтемін» деп қай командаларды айтар едіңіз?
— Кез-келген команданың авторлары мен қолдаушысы болса, жетістіктері аз болмасы анық. Бірақ, қолдауға ие болу үшін өздерін түрлі бағытта дәлелдей алуы керек. Мәселен, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып тұрған жөн. Сол арқылы өз өнерлерін шыңдай білуі керек. Шыны керек, бізде көбі «жұлдыз». Шыққысы жоқ. Мысалы, биыл маған «Болашақ» университетінің жайдарман орталығының жұмысы қатты ұнады. Редактор қызметін өзім атқардым. Егер, «Стиль» деген ұғымға ғана қатты мән бере бермей, әзілдің сапасына да ден қойса келер жылы эфирден көру әбден мүмкін.
— Алдағы уақытта көрермендерді белгілі бір жаңашылдықпен қуанта аласыздар ма?
— 2015 жылды қайдам, Алла бұйыртса 2016 жылы «Үздік филиал» атанамыз. Жоспар бойыша биыл екі лига жұмыс жасайды. Яғни супер және премьер лигалар. Тіркеу жұмыстары күзде басталады. Бүгіннен бастап, қатысуға ниет білдірген командалар байланысқа шыға берсе болады.
— Биылғы жазғы кубоктың өткізілуі барысында қандай жоспарларыңыз бар?
— Бұйыртса, 31 шілдеде «Сыр самалы» жағажайының бойында жазғы кубок өтетін болады. Ерекшелігі сол…Ал, қатысып, жоғары дәрежеде ойын өрнегін көрсете білген командаларға арнайы сыйлықтар мен орындар үлестірілетін болады.
Айдана Әлиарыстанова