«Маусымашар-2015» фестивалі кезінде Республикалық Бірінші лиганың финалистері, республикалық Орталық лигалардың чемпиондары үшін «Чемпиондар лигасы» ұйымдастырылды. Аталмыш лигада редакторлар ұсынған жайдарман топтары да өнер көрсетті. Айта кетейік, «Чемпиондар лигасының» жеңімпаздары арнайы кубокпен қатар республикалық Премьер лигаға тікелей жолдама алады деп жоспарланған болатын.
Республикалық «Алматы Ашық лигасының» финалистері «Инженерлер», «Бизнесмендер», «Жалын», сонымен қатар, «Орталық лига» чемпиондары мен лига редакторларының таңдаған командалары қатысты. «Ертіс бойы» орталық лигасынан чемпион «Тентектер Юнайтед» және Рамазан Фаиловтың таңдауымен «Аграрка жастары» өнер көрсетті. Айта өтейік, «Аграрка сарбаздары» биылғы маусымда бағыты мен қатар команда атауын өзгертті. Енді олар «Эверест».
Республикалық «Батыс» орталық лигасынан «Грант» және Рүстем Елжановтың таңдауымен «Абзал жандар» («Ғажайып медицина»), республикалық «Әулие-ата» орталық лигасынан «10 — планета тұрғындары», Есен Елеукеннің таңдауымен «Тараз-Астана» жайдарман топтары өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, арнайы жобада республикалық «Сарыарқа» орталық лигасының чемпиондары «Депутат» және Жомарт Әбіштің таңдауымен «Ағадыр құрамасы» өнер көрсетті. Бұл топ жаңа маусымға жаңа атаумен «Шет аудан» болып енді.
Сонымен, арнайы жобада үздік өнер көрсеткен оралдық «Грант» жайдарман тобы жеңімпаз атанып, республикалық Премьер лигаға тікелей жолдама алды.