Ағымдағы жылдың 22-24 сәуірі аралығында Астана қаласы «Қазмедиа» орталығында Республикалық Жоғары лиганың ширек финалдық сайыстары өтті. Тарихта қалар чемпионды анықтауға әлі ерте болғанымен сахна төрі қызу сайыс алаңына айналды. Үш күнге созылған ойында үздік деп танылған 14 команда өнер көрсетті. Бірінші топта «Шымкент жастар құрамасы», «Тұңғыш астана», «Күлтегін», «Аягөз құрамасы», «Павлодар жастар құрамасы», екінші топта — «Сырдария құрамасы», «Күлкі терапиясы», «Сағыз», «Шу-Чу», «ЖасНАР» командалары, ал үшінші топта — «НҰР», «Альянс», «Тек қана қыздар», «Қармақшы құрамасы» командалары өнер көрсетті. Ертеректе хабарлағанымызда алматылық «АЭСА» жайдарман тобы да өнер көрсетуі керек болатын. Алайда белгілі бір себептерге байланысты команда ойынға қатыса алмады. Нақтырақ айтсақ, команда капитаны Мейрамхан Шалқыбаев «Тамаша» әзіл-сықақ театрына қабылданды. Бұл жөнінде әлі де толығырақ ақпарат беретін боламыз.
Енді ойын жайында… Төрт кезеңнен тұрды: 1.Сәлемдесу — «Көнбейді тарих бос сөзге». 2.Ширату және әзіл бәйге сайысы. 3.Әуенді сайыс. 4.Көрініс сайысы — «Шындықтың шырайы тарихта».
Ойын барысында қатысушы командалар тарих маусымының тарихын өз қолдарымен жасап, өнерлерімен көмкеруге сақадай сай екендіктерін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша «Күлтегін» (16,0), «Аягөз құрамасы»(15,0), «Күлкі терапиясы» (15,4), «Сағыз» (16,2), «ЖасНАР» (14,6), «Альянс»(14,4), «Тек қана қыздар» (14,2), «Қармақшы құрамасы»(15,2) келесі ойынға тікелей жолдама алды. Ал резервтегі командалар арасынан кімнің жартылай финалға өтетіндігі қыркүйек айында болатын «Астана қаласы әкімінің кубогы 2015» республикалық арнайы жобасында белгілі болады.
«Қазақстан КВН Одағының» Президенті Есен Елеукен: «Талай топтың алдын орып, қара үзіп шығып, ширек финалға жеткен жүйріктердің ішінен жартылай финалға қайсы шығатынын осы ойын барысында біржола анықтайтын боламыз. Олардың арасында осалы жоқ, тек мықты ойын көрсеткендер ғана келесі кезеңге өтеді. Біздің де көргіміз келетіні сол әдемі әзіл, қазақы қалжың! – деген болатын. Олай болса, жартылай финалға өткен командаларға тілеріміз – тек сәттілік!