Қайрат СМАҒҰЛОВ: «КИКБОКСИНГ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДА БАР СПОРТ»

Афиша

«Кикбоксинг біздің ел үшін спорттың жас түрі, – дейді кикбоксингтен Қазақстан құрама командасының бас бапкері Қайрат Смағұлов.  –  Бірақ, соған қарамастан қарқынды дамып келе жатқан және де нәтижесі де көңіл қуантатын спорт түрі».

Қайрат Еркінжасұлы Смағұлов спорттың осы түрінен төрт бірдей әлем чемпионын даярлаған білікті маман, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Алдымыздағы 15 мамырда Астана қаласында кәсіпқойлар арасында кикбоксингтен Азия чемпионы атағы үшін жекпе-жек өтеді. Айтулы оқиғаның қарсаңында бас бапкермен арадағы сұхбат осы турнир жайында және де кикбоксингтің бүгінгі жай-күйі туралы болған еді.

 

– Қайрат Еркінжасұлы, спортсүйер қауым асыға күтіп отырған айқас туралы айтып берсеңіз…

– Кикбоксингтен Азия чемпионы атағы үшін болатын бұл турнирді  Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өтіп жатқан спорттық шараның бірі деп атауға болады. Жалпы, кикбоксинг Қазақстан үшін жас спорт түрі. Қарқын алып енді дамып келеді. Біздің елде спорттың бұл түріне деген қызығушылық өте зор. Сол себепті біз бұл жарысты ауқымды, дүбірлі және қызғылықты етіп өткізуді көздеп отырмыз. Осы турнир арқылы спортсүйер қауымға Қазақстан кикбоксингінің бүгінгі уақытта қаншалықты деңгейге жеткенін де көрсеткіміз келеді.

Астанадағы турнирге Бүкіләлемдік Кикбоксинг ұйымы  қауымдастығы (WAKO) президентінің міндетін атқарушы Салим Каячи мен аталған ұйымның азиялық қанатын басқаратын (WAKO ASIA) Нассер Нассири құрметті қонақ ретінде келе жатыр. Мұның өзі турнирдің қаншалықты жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын көрсетсе керек.

– Турнир барысында қанша жекпе-жек өтеді?

– Ең басты жекпе-жек – Азия чемпионының атағы үшін айқас Ирландиядан келген тегі иорданиялық Адай Әли Абдулрахим мен жерлесіміз Абзал Дүсіпов арасында өтеді. Бұлар 60 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Екеуі де мықтының мықтысы – ирландиялық 2011 жылғы әлем чемпионы болса, біздің жігіт бұл атақты 2013 жылы Түркияның Анталья қаласында жеңіп алған болатын. Ереже тәртібімен жекпе-жек 2 минуттан тұратын 10 раундтан бойынша өтеді.

Бұдан бөлек, тағы да бес жұп арасында рейтингілік жекпе-жектер жоспарланған. Яғни, біздің құрама команданың мүшелері Ирак, Түркіменстан, Ресей, Өзбекстан және Польша елдерінен келген сайыпқыран спортшылармен қолғап түйістіреді. Турнир Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.

– Кикбоксинг олимпиадалық ойындар бағдарламасына енбеген спорт түрі. Осы тұрғыдан алғанда қандай да бір қамқорлықтан қағыс қалып жүрген жоқ па?

– Сөзіңіздің жаны бар. Дегенмен, біз кикбоксингтің дамуы үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін қарастырып жатырмыз. Федерацияны 2002 жылдан бері жемісті басқарып келе жатқан Ирак Елекеев ағамыздың ақыл-кеңесімен әлі де болса биіктерді бағындыра береміз деген сенімдеміз.

Қазіргі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде кикбоксинг жақсы дамып келеді. Мысалы, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті спорт басшылары, жанашыр азаматтар кикбоксингтің  өріс алуына қолдан келген көмектің бәрін жасап жүр.

– Қазақстан кикбоксингінің тарихы туралы аз-маз айта кетсеңіз…

– Биыл Қазақстан кикбоксингіне – 25 жыл! Жалпы, Қазақстанда кикбоксингтің спорт ретінде дамуына Сабыржан Махметовтің қосқан үлесі зор. Шын мәнінде ол өткен ғасырдың 90-шы жылдары елімізде кикбоксингтің іргетасын қалап, қазақ жігіттерін әлемдік аренаға шығарған аптал азамат.

Сондай-ақ, Зәкіржан Насыров, Сансызбай Ибраев, Елтай Балтабеков және Тастанбек Есентаев сынды ағаларымыздың да ерен еңбектерін жоққа шығаруға болмайды.

Кикбоксинг федерациясын әр жылдары басқарған Сабыржан Махметов, Асылхан Бұсырманов, Ирак Елекеев ағаларымыздың спорттың осы түрінің танымал болуына, біздің саңлақ спортшыларымыздың әлемдік рингте толайым табыстарға қол жеткізулеріне қосқан үлестері өлшеусіз. Қазір біздің федерация «Федерация кикбоксинга WAKO-KAZAKHSTAN» деп аталады.

Ал елімізде кәсіпқой кикбоксингтің (WAKO-PRO) кеңінен өріс алуына Ерлан Досмағамбетов пен Тастанбек Есентав көп еңбек сіңірді.

– Біздегі кикбоксингтің бүгінгі аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?

– Соңғы жылдардағы қол жеткізген табыстарымызды сараптайтын болсақ – жақсы деген баға беруге болады. Бұған, әрине, тоқмейілсуге болмас. Кикбоксинг әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі, сондықтан үнемі спорттық бапта жүру керек. Тоқтап қалсаң – тоқырайсың, қазаша айтқанда «таяқ жейсің»…

Бүгінгі күнде Қазақстан құрамасының сапында алты бірдей әлем чемпионы бар. Ал, алда болатын турнирде солардың төртеуі рингке шығады. Бұлардың өкшесін басып келе жатқан жастар да жетерлік. Мысалы, өткен жылы Италияда болған әлем чемпионатында біздің төрт бірдей спортшымыз әлем чемпионы атағына ие болды. Яғни, бұл дегеніңіз – біздің қатарымыз қазақтың атын әлемге шығаратын жас қырандармен толығып жатыр деген сөз.

Алысқа бармай-ақ, соңғы жылдардағы жетістіктерді айтар болсақ, кикбоксингтің елімізде дамып келе жатқанына көз жеткіземіз. Мысалы, 2013 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында К-1 нұсқасы бойынша 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль алдық. Ал Түркиядағы әлем чемпионатында фулл-кантакт нұсқасы бойынша 4 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлдеге қол жеткіздік. Ал Инчхонда өткен жабық ғимараттағы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иемдендік.

Шынтуайтына келер болсақ, бүгінгі күнде әлем бойынша кикбоксингте ешкімнен кем емеспіз. Өйткені, кикбоксинг қазақтың қанында бар жекпе-жек түрі. Бір сөзбен айтқанда, қолдағы барды ұқсатып, тек қана алға жылжуымыз керек!

– Әңгімеңізге көп рақмет! Іске сәт!

Қайрат АБДОЛЛА.

More from the blog

14 қараша күні жайдарманның «Елорда кубогы-2021» арнайы жобасы өтті.

14 қараша күні жайдарманның "Елорда кубогы-2021" арнайы жобасы өтті. Еліміздің үздік командаларынан бөлек, өзбекстандық "Бұхара" командасы қатысып, бұл сайыстың дәрежесін халықаралық деңгейге көтеріп тастады....

«Шабыт»құрамасы «ELORDA KUBOGY-2021» иегерлері.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Елорда кубогы-2021» Жайдарман ойыны 14-қараша күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен...

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАУСЫМАШАР ФЕСТИВАЛІНІҢ» ІРІКТЕУ ОЙЫНДАРЫН 28-30 қыркүйек күндері 7 арнадан тамашалай аласыздар

«Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ ұйымдастыруымен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу” гранты...