Өмірімді өнерсіз елестете алмаймын

— Құттыбай аға, алғашқы сұрақ дәстүрлі сұрақ болып есептеледі.  «Жайдарманға» аяқ басқан жылдарыңызды еске түсіруден бастасақ…

— «Жайдарманға» деген қызығушылығым студент кезден бастау алды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті менің үлкен сахнаға шығуыма  септігін тигізген. Университет қабырғасында жүргенде әр факультеттен жайдарман топтары құрылып, факультет аралық жайдарман ойындарына қатысуға мүмкіндік берілді. Сол мүмкіндіктерді құр жібермей, «Жайдарман» сахнасына шыға бастадым. Солай, үлкен сахнаға шығуымыздың алғашқы баспалдағы студент кезеңім мен үшін өмірімде ұмытылмас сәттердің бірі болып есептеледі.

— «Жайдарман сахнасында  жылдап жүрсек те, чемпион атана  алмадық» деген өкініш бойда бар ма?

— Негізі барлық командалар сайысқа чемпион болсақ екен деп келетіні анық қой. Біздің де басты мақсатымыз және арманымыз чемпион атану болатын.  Себебі, жайдарман сахнасында қаншама жыл өнер көрсетіп, қанша жыл жүгірген еңбегіміз бар. Мүмкін болса, «вице-чемпион» болсақ екен деген де мақсат болды. Әйткенмен, еш өкінбейміз. Дүлдүлдер жиналған жоғары лига финалында екі рет үшінші орын алу да оңай емес.

— «Жайдарманға» енді бет бұрған жас командаларға тәжірибеңізбен бөлісіп, жайдарман тобын құрып, жетекші  болу ойда жоқ па?

— Өзіміздің артымыздан ерген «Қорқыт жастары» деген команда бар. Биылғы маусымда Республикалық  премьер лигада ойындарында өнер көрсетті. Олар сахнаға әр  шыққан сайын ағалық қамқорлығымызды білдіріп, көрген тәжірибиемізбен бөлісіп отырамыз. Ал, жеке өзім жетекшілік жасап, құрған жайдарман тобымның үлкен сахнада өнер көрсетуіне септігімді тигізсем екен деген арман бар. Бірақ, жақын арада емес, өз уақытында.

— Жыл санап рейтінгі жоғарылап келе жатқан «Жайдарманның» қатысушы командалары да бірінен бірі өткен өнерлі жастарымыздан құралған. Сіздерге нағыз қарсылас болған  команда деп қайсы топты айтар едіңіз?

— Әрине, қарсылас командалар болды. Енді оны жария етіп айтпағаным дұрыс-ау…Негізі,  бізбен бірге финалға кім шықты соның бәрі қарсылас болып есептеледі.  Мысалға финалға бес команда шықса, бесеуі де мықты командалар. Оның ішінен суырылып үшінші орын алу да  қиын болды. Алдыңғы жылы маусымда өздеріңіз білетіндей финал екі күнге созылды. Екі күн өте ауыр болды. Бірақ, шыңдалдық, кәдімгідей қиналдық, ұйықтамай дайындалдық.

— «Ошаған» әзіл-сықақ театрында актер болдыңыз, жайдарманшысыз, асабыз, бишісіз. Бойыңызда  біз  білмейтін тағы қандай өнерініңіз бар?

— Ия, жігітке жеті өнерде аз дейді ғой. Менің бір өнерімді ғана көрген жоқсың. «Сварщик» деген (күлді).  Қалжың ғой. Мен барлық қырларымды енді көрсетіп жатырмын деп ойлаймын. Бір жылдары бишілік қырыммен танылсам, енді  жайдарманшы болып сахнаға шықтым. Бір жылдары асаба болып жүрсем, енді «Ошаған» әзіл-сықақ театрында сахнада ойнап жүрмін. Алдағы уақытта тағы да басқа өнерімді көрулеріңіз ғажап емес…

sinMZ7GZOks

 — Болашақта Құттыбайдың кеңседе отырып жұмыс істегенін елестете аламыз ба?

— Ия, оны елестете аласыздар. Кеңседе  отырсам таң қалмаңыздар. Нақтырағы мен болашақта  той агенттігін  ашуым да мүмкін. Болмаса кәсіптің  басқа түріне бет бұруым мүмкін. Уақыт көрсете жатар.

— Білім алған негізгі салаңыз «хореография» саласы бойынша. Өз мамандығыңыз  бойынша  жұмыс жасау ойда жоқ па?

— 4 жыл оқып хореография саласы бойынша білім алдым. Осы уақытқа дейін жан-жақтың би ансамбльдерін көрдім. Қазір бишілер де, ансамбльдердің де түр-түрі бар. Сондай би топтарын өз қаламда да ашқым келеді, Бірақ, тек жаңа қырынан ғана. Әйткенмен, ол да уақыттың еншісінде.

— Өзіңізге қатысты көрермендер тарапынан теріс сыни  пікір естисіз ба?

— Ия, біраз сын естідім. Жеке маған ғана емес, командаға қатысты да  сын естідік. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». «Қыздардың рөлін ойнама» деген пікірді көп естідім. Жасырмаймын, мен де ойнағым келмейді. Бірақ, командада әр ойыншының өз образы болады. Онсыз әзілді көрерменге жоғары деңгейде  жеткізе алу мүмкін емес. Қысқасы, сын қабылдай аламын және түзей аламын.

—  Өнерсіз өміріңізді елестете аласыз ба?

-Жоқ, өнерсіз өмірімді елестете алмаймын. Бұл маған берілген талант деп ойлаймын. Сондай-ақ, адам бойындағы талантты тұншықтыруға болмайды. Сонымен қатар,  өз еңбегіммен осы өнер саласы арқылы отбасымды асырап отырмын.

— Жұбайыңыз, өзіңізден аумай қалған бөпелеріңіз жөнінде көрермендеріңізге жақынырақ айтсаңыз?

— 2010 жылы отбасын құрдым. Шүкір, Жұбайым, екі балам бар.  Жарыммен   таныстығымыздың өзі қызық болған. Телефонмен таныса отырып, мен оның дауысына ғашық болдым. Содан кейін өзін көруге асықтым. Ол кезде мен Алматыда жұмыс істеп жүрген болатынмын. Осында келіп, жақынырақ танысып,  отбасын құрдық. Бүгінде бақытты жанұяның қатарынанбыз. Тұңғышымның есімін Нұрлыбек пен Асылханның құрметіне Нұрасыл деп қойдым. Қызымның есімін балдызым Аяна деп қойды.

 — Өмірдегі қатты қуанған кезіңіз?

-Кредит төлегенім (күлді).  Әрине, қалжың ғой. Өмірде қатты қуанған сәтім ұлды болғаным.

— Өтірік айтасыз ба?

-Жоқ, өтірік айтпаймын. Бірақ, шын сөзіңе кей адамдардың «сендер жайдарманшысыңдар ғой» деп сенімсіздік білдіретін тұстары көп кездесетіні өтірік емес.

— Жайдармандағы ең соңғы қоштасу  әнін айттыңыздар. Сол кездегі әсеріңізді айтыңызшы?

— Шынымен де қимастық болды. Қимастығымызды іс-қимылмен немесе көзге жас алып көрсеткеніміз жоқ. Бірақ, жүрегіміздегі қимастығымызды ауызбен айтып жеткізе алмаймыз. Дегенмен, алдағы уақытта арнайы жобаларда өнер көрсетіп тұрамыз деген ой бар.

— Сұхбатыңызға рахмет!

                                                                                              Сұхбаттасқан Айдана Әлиарыстан                              

More from the blog

14 қараша күні жайдарманның «Елорда кубогы-2021» арнайы жобасы өтті.

14 қараша күні жайдарманның "Елорда кубогы-2021" арнайы жобасы өтті. Еліміздің үздік командаларынан бөлек, өзбекстандық "Бұхара" командасы қатысып, бұл сайыстың дәрежесін халықаралық деңгейге көтеріп тастады....

«Шабыт»құрамасы «ELORDA KUBOGY-2021» иегерлері.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Елорда кубогы-2021» Жайдарман ойыны 14-қараша күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен...

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАУСЫМАШАР ФЕСТИВАЛІНІҢ» ІРІКТЕУ ОЙЫНДАРЫН 28-30 қыркүйек күндері 7 арнадан тамашалай аласыздар

«Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ ұйымдастыруымен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу” гранты...