«Қорқыт құрамасы» жайдарман тобының мүшесі, «Ең үздік ойыншы-2012», «Қабатов-шоу» тележобасының актері Асылхан Дүкенбаев және оның жары Фаризамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз…
— Тойларыңыз құтты болсын! Асылхан, өмірлік жарыңызды жақынырақ оқырмандарымызға таныстыра өтсеңіз?
— Рахмет, Айдана! Жарым Қазыналы Қазалы өлкесінің тумасы. «Төре» руынан болады. Менің үйіме келін болып түскелі Байқоңырдың тұрғыны болған Фариза студенттік өмірін Қызылорда өлкесінде өткізді. Яғни, біз үшін қара шаңырақ аталып кеткен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 4 жыл «Қаржы» саласы бойынша білім алып, тәмамдаған. Осы уақытқа дейін, Байқоңырдағы банкте өз саласы бойынша қызмет жасады. Енді, қызметін Қызылордаға ауыстырудамыз.
Оқырмандарды қызықтыратын сауалдың бірі сіздердің танысқан сәттеріңіз. Кеңірек айта отырсаңыз?
— Университет қабырғасында білім алып жүргенде студенттер арасында өткізілетін «Студенттік көктем» сайысы біздің танысуымызға септігін тигізген мерекелі мейрам болды. Фариза бас оқу ғиматарының атынан «Кәнекей, тілім сөйлеші!» әнімен сайысқа қатысып, өлеңін айтып тұрған кезде көзіме оттай басылмасы бар ма?! Ең әуелі дауысына ғашық болдым, содан сол қазақтың әнін тамылжыта шырқағанына риза болдым. Негізі, мен де аталмыш сайысқа факультетаралық жайдарман сайыстарына қатысудамын. Сайыс аяқталып, жұрт тарқаса бастағанда танысуды көздеп, әрекет етсем иіле қоймады. Ұялы телефонының нөмірін сұраған болып телефонымды қолына ұстатсам, бөтен кісілерге нөмір бере алмайтынын айтып, ұялы телефонымды кері қайтарып, қалтама салып жіберді. Сонымен, 2011 жылы университеттің түлектеріне арнап ән шырқар кезінде тағы көрісіп қалдық. Ол кезде жақын танысып, араласа бастадық. Мерекелік кеш соңына таяғанда мен де қулыққа басып, студенттер сарайының алдына бірінші шығып, оның шыққанын тосып тұрдым. Содан не керек, осы жолы нөмеріңді беретін шығарсың деп, мақсатыма жетуді көздеп тұрмын. Сол кезде «Нокиа-6500» деген төбесі түсіп қалған телефоным болатын. Оны көрсеткім келмей, менің нөмеріне хат жазып жібере салшы деп қоям. Ол телефонында бірлік жоқ екенін айтқанда, тым болмаса «M-transfer» жіберсеңіз дедім. «M-transfer» сол кезде хит еді. Кешке үйге бағыт алғанымда, телефоныма «M-transfer» хаты келді. Хабарласып көрсем, «мен ғой Фариза»,- деп тұр. Фаризасы кім?- деп қоям мен де, сол кезде «танымадыңыз ба? жақсы онда!»,-деп тұтқаны қойғалы жатыр. Сол сөйлескеннен таңға дейін сөйлесіппізғой. Содан әлі сөйлесіп келе жатырмыз (күліп). Шүкір, биыл таныстығымызға 4 жыл болады екен. Сезіміміздің адалдығы болар, 4 жыл бірге қол ұстасып жүріп, шаңырақ көтердік.
— Асылхан, жеңгеміз сізді қай қылығымен өзіне баурап алды?
— Қазақ қызына тән ибалы қасиеттерімен жүректі жаулап алды. Сыртқы сұлулығымен қоса ішкі жан дүниесі де таза. Бастысы-тәрбиелі, көргенді жан. Сонымен қатар, қазақ қызына тән қос бұрымын өріп, үнемі шашбауын тағып ерекшеленетін. Мені өзіне ғашық еткен де осы қасиеттері болатын. Сосын алғашқыда телефон нөмірін бермегенімен (күліп).
— Жауапкершіліктің бұрыңғыдан да еселегенін сезіп, өзіңізді отағасы ретінде сезініп жүрсіз ба?
— Көпшілік «Үйленген қалай екен?»,-деп сұрақ қояды. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Әрине, жауапкершілік екі есе арта түсетіні сөзсіз. Бойдақтарға тезірек шаңырақ көтеріңіздер деп кеңес айтамын. Шүкір, келін түскелі үйдегілердің де көзінен бір ерекше қуанышты байқадым.
— Фариза , Асылханды алғаш көргенде санаңызға болашақ жарым болады-ау деген ой келді ма?
Фариза: — Жасырып нем бар, ондай ой болмады. Мен алғаш танысқанда белсенді студенттердің қатарынан деп қабылдадым. Араласа келе жақын достар болдық. Артынша достық сезім махаббатқа ұласты.
Асылхан: — Негізі мен Фаризаның нөмірін алған кезден кейін сабақ аяқталып, артынша студенттер жазғы демалысқа шығып кеткен болатын. Сол тұстарда бір-бірімізбен тек телефон арқылы және сол уақыттың хиты болған «м-агент» арқылы хабарласып тұратынбыз. Тамылжыған тамыз айының нұрлы күндерінің бірінде тағы да жолықтық. Яғни университеттің белсенді студенттері бас қосатын жазғы тынығу лагерінде кездестік. Ол кезде Фаризаға біраз жігіттер әңгіме айтқысы келетін. Мен қызғанып, сырттай қорғаштағандай болып жүретінмін. Алғашқыда Фаризаның сұлулығына көз салған мен жақын араласа келе, мінезінің ашықтығына да тәнті болып, сөз салдым. Сөйтіп, қыркүйектің 30 жұлдызында «Сіздің қызыңыз болуға келісімімді беремін!»,-деп жауабын айтты. Жанымда ерекше сақталған сол күннен бері біз үшін 30 қыркүйек жеке меншік мерекеміз болып есептеледі.
— Фариза, келін болған қандай екен? Қандай сезімде жүрсіз?
— Әрине, өзгеше сезімдемін. Өзімнің сүйікті адамым қасымда. Ата-енем жайдарлы кісілер. Тіл-көзден аулақ, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Расында, қыз күніңді келіндік міндетіңді атқарып жүрген күндеріңмен мүлде салыстыруға келмейді екен. Таңертен тұрып, ата-енеме сәлемімді саламын. Асылханның туыстары да өзімнің туыстарымдай қарапайым жандар болғандықтан болар, бірден бауыр басып кеттік.
— Ат тергейсіз ба?
Фариза: — Иә, әрине. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін санадан шығармаймын. Салт бойынша қайын әпкелерімді «тәте» деп атасам, қайын ініме «Кенжекей» деп ат қойдым.
Асылхан: Артымнан ерген інімнің негізгі есімі-Эльдар. Кенжекей деген есіммен мүлде сәйкес келмейді (күліп) Қайны інісі екеуі айырылмастай дос болып, бір-біріне бауыр басып кеткен.
— Асылханның сіз үшін ерекше сыйы қандай болды?
Асылхан: — Қайсібірін айта берейін десей (күліп).
Фариза: — Расымен, Асылханның сыйға тарқан сыйлықтары өте көп болы. Мереке күндерінен бөлек, күтпеген жерден сыйларын тарту етіп, сыйластығын білдіретін. Әрине, бастысы көңілғой. Дегенмен, мен үшін ерекше сыйы сөз салған күні болды. Қызылордадағы «Орда» мейрамханасында өткен жаңа жылдық мерекелік кеште 600-700 дей адамның алдында үйленуге ұсыныс жасағаны қатты әсер етіп, ұмытылмастай сый болды.
— Жарыңыздың қай қасиетін жоғары бағалайсыз?
Фариза: — Жарымның адалдығын, ақкөңілдігін жоғары бағалаймын. Ашық мінезді жан. Мүмкіндігі болып тұрса, көмекке зәру жандарға қолынан келгенше көмегін аямайды. Осы қасиеттерімен өзіме жақын болды.
— Ал, қай қасиеті ұнамайды?
— Тез ашуланады. Бірақ, ашуы ұзаққа созылмайды. Қазір ол мінезіне үйренісіп кеттім.
— «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, тойдың жоғары дәрежеде өткеніне той қонақтары куә болды. Тойға дайындық барысына ойыссақ. Фариза, қалындық көйлегін қалай тандадыңыздар? Таңдау барысында кімнің ықпалы зор болды?
Фариза: — Той көйлегін өзім таңдадым. Асылхан өзімнің ұнатқан көйлегімді алуыма рұқсатын берді.
Асылхан: — Көйлек таңдаудың өзі қызық болды.Бір көйлекті ұнатып, алдын-ала төлемін жасап кеткен болатынбыз. Бірақ, Фариза фата, қолғап деген көйлектің қосымша бөліктерін басқа дүкеннен қараймын деп жүріп, өзге көйлекке көзі түсіпті. Алдын-ала төлем беріп қойған жерге қайтадан барып, кешірім сұрадық.Сөйтіп, өзінің қалаған көйлегін алдық.
— Той тізгінін қай асаба ұстады? Тойға келген құрметті қонақтар жайлы да айта өтсеңіз?
— Тойдың тізгінін Қазалының тумасы, қазір Алматының тұрғыны Нұрлыбек Ерғалиев есімді ағамыз өз мойнына алды. Шыны керек, ол кісінің бұрын той жүргізгеніне куә болғаным жоқ. Бірақ, тойымды өзім ойлағаннан екі есе жоғары деңгейде жүргізді.
Тойға танымал кісілерден өнерде әкемізге айналған Есен аға,өзімнің нағашым әрі өнердегі ағам Қанат Әлжаппаров, «Базар жоқ» театрының актерлері Ерболат және Медет ағаларымыз және жастардың басым көпшілігі танитын Ернар Айдар есімді жас жұлдыз келді. Сонымен қатар, Жайдарманның арқасында тапқан жақын достарым құрметті қонақтардың қатарынан болды.Тойдың тағы бір қызығы келін таңғы 4 те түсті. Соның өзінде Қызылжарманың мен танитыны бар, танымайтыны бар барша тұрғындары ұйықтамастан келін түсу рәсімін көруге жиналды.
— Келіннің бетін кім ашты?
— Келіннің бетін өнердегі ағам әрі жездем деп әзілдесетін «Алтым домбыра» иегері Мұхтар Ниязов ағамыз ашты. Айтпақшы, беташардан түскен ақшаны өзіме сыйлады (күліп).
— Бүгінгі тойларда жастар жағы ерекшелікті қалап, той үстінде жиылған қауымға өнерлерін көрсетіп жатады. Сіздердің тойларыңызда да бұл үрдіс өрбіді ма?
Асылхан: — Негізі ондай ой болды. «Махаббат тарихы» деп аталатын төрт мезгілді бейнелейтін видеоролик түсірген болатынбыз. Алайда, студияда байқаусызда өшіп қалғанына байланысты, қонақтарға көрсете алмадық. Тойдағы қызықтарды айтпай кетуге болмас. «Базар жоқ» театрының актері Ерболат әкемді үнді әуеніне қосылып билеткен тұсы мен қос құдағиды шығыс әуеніне биден жарыстырғаны жиылған қауымды күлкіге қарық қылды.
— «Келін ененің топырағынан жаратылған» деген тіркес бар. Фаризаның бойынан анаңызға ұқсас қай қылығын аңғардыңыз?
— Өте көп. Менің аяулы анам қазақтың дәстүріне онды-солды қарамайтын жан. Бұрымын кеспей, сыртқы сұлулықпен қатар ішкі жан дүниесін ұштастыра білетін кісі. Анамның бойындағы аталған ізгі қасиеттерді Фаризаның да бойынан аңғардым. Тіпті, көпшілік түр әлпеттері де ұқсас деп жатады.
— Жайдармандағы өз міндетіңізді орындай білдіңіз. Ендігі жоспарыңыз қандай?
— Шыны керек, чемпион бола алмадық. Әйткенмен, еш өкініш жоқ. Бастысы, жайдарманшылар арасындағы достығымыз сақталып қалды. Шығармашылыққа келер болсам, болашаққа деген жоспар өте көп. Қазір «КТК» телеарнасы арқылы көрерменге жол тартқан «Қабатов шоу» бағдарламасында өнер көрсетудеміз.
— Тойдың төрінде отырып не байқадыңыз? Нені ойға түйе алдыңыз?
Асылхан: — Үлкен өмірге аяқ басқан соң, ата-анама еркелеп жүрген бозбалалықпен қоштасып, әкем мен анамның қолқанаты болғанымды, әркез шынайы тілеулес болатын бауырларым екенін, бір отбасының отағасы болғанымды, жар болғанымды, үлкен бір әулеттің үміт артқан күйеу баласы екенімді сезіне білдім. Осы атауларға дақ түсірмей өмір сүруді жөн көріп, болашаққа үлкен үмітпен қарай бастадым. Тойымды атқаруға барынша көмектесіп, бастан-аяқ жүгіріп жүрген ағаларымның, достарымның, бауырларымның көптігіне тәубе еттім. Айта өтейін, ерекше алғыстың бірін «Әділет «фото-видео» студиясына жаудырғым келеді. Тойға ақ тілектерін жаудыра келген тілеулес қауымға ризашалығымды білдіремін. Шыны керек, абыр-сабырмен тізімге ілікпей, шақырылмай қалған қонақтар да болды. Ол кісілерден алдын-ала кешірім сұраймын. Ал, шақыру билетін күтпей-ақ, қуанышымызбен бөлісіп келген таныстарыма ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
— Жанұяның жарасымдылығы үшін не қажет деп ойлайсыздар?
Асылхан: — Жанұяның жарасымдылығы үшін ең алдымен екі жастың ауызбірішілігі қажет. Екі елге тігіп жатырған көпірдің басты себепткері бізғой. Арамыздағы сезім оты мәңгі лаулап, ата-аналарымызды сыйлап, тек қуанышымызды көрсете білсек жанұяның жарасымдылығы болады деген ойдамын.
Фариза: — Киіз үйдің неғұрлым мықты болуы шаңырақ пен уықтың бір-біріне берік болуына тікелей байланысты. Сол секілді, аяулы ата-аналарымызбен балалары тату болып, шаттық шеңберінде өмір сүре білсе ғана жанұяның жарасымыдылығы болады деген ойдамын.