Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Асар» КВН командасының ойыншылары кино түсіріп жатыр. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тағдыр талқысына мойымаған көңілді де тапқыр жігіттер болашақ жоспарларымен бөліскен кезде айтып өтті.
Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі болса да, мүмкіндігі зор жастардың өмірі туралы түсіріліп жатқан қысқаметражды сынама туындылары жайында да айтып өтті. Биыл аталмыш команда Астана қаласында өткен республикалық «Жастар» жазғы фестиваліне қатысып, 70 топтың арасынан үздік 16-ның қатарына кірген «Асар» фестивальдің гала-концертінде де сәтті ойын көрсетті.
-Бізге сахнаға алып шығатын әзілдерді жазуға арнайы сценаристер көмектеседі. Қазіргі таңда орталық лигаға жолдама алып, жарыстан жартылай финалға өттік. Ол Тараз қаласында қазан айында жалғасын табады. Тағы айта кетерлігі, Талдықорған қаласындағы Жетісу аймақтық лигасындағы жартылай финалға қатысып жатырмыз, — деді КВН командасының жетекшісі Ақжан Ақылбекұлы.
Бұл жігіттер ең алғаш «Асар» спорттық-оңалту орталығына кездесіп, етене танысып, одан ары арман-мақсаттарын біріктірген болатын. Осылайша ерекше қабілеттері бар жігіттер 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап «Асар» КВН командасын құрған.
-«Асар» — мүгедек жандарға арналған Алматы облысындағы бірден-бір спорттық-оңалту орталығы. Клуб құрылғалы бері екі жыл ішінде 220 адам оңалтудан өтіп, оның ішінде 35-і аяғынан тұрды, — дейді «Startup «Bolashak» стартап-жобалары конкурсының өткен жылғы жүлдегері, «Асардың» жетекшісі Елдос Баялышбаев.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.