Жоғары лига. Финал. Болжам.

«…Қиын, қиын… Дайындалыңдар, қазақтар!» ©

Жақында финал. Бәріміз күтіп жүрміз. «Кім чемпион болады?» деген сұрақ туындаған кезде әр кәлләда бір қиял болатыны түсінікті. Дегенмен, прагматикалық санамен әлемдегі ең жаман нәрсе — болжам жасап көрейік.
Алдымен топтар мен олардың аяқ алысы, шабысы, әзіл бағыты туралы бір ауыз сөз:

«ҚазҰУ құрамасы»

Еңбекқор топ. Бірақ финалға қазылар шешімімен келді. Бірінші рет жартылай финалда сүрінді. Енді сол қателіктерінен қортынды шығара алды ма? Бұл алдағы демалыстарда жауабы айтылатын сұрақ. Негізі топқа бір жаңашылдық қажет. Жаңа стиль ме, жаңа ойыншылар ма… Жалпы жеңіске жетемін десе, бұрынғы стереотипті бұзған дұрыс деп санаймын. Жаңадан алған арзан заттың өзі ескі қымбат нәрсеге қарағанда әдемі көрінетіні бар емес пе. Бірақ жігіттер жаңа әрі сапалы ойын өрнегін салып беред деп сенейік…

«Назар аудар»

Үшінші рет финалда. Ер кезегі үшке дейін бе? Жігіттердің ең осал тұсы сәлемдесу. Әдетте бірінші сайыста жіберген еселерін «үй тапсырмасымен» еселеп қайтарады. Бірақ бұл финал. Ақтық сайыста босаңситын конкурс болмауы керек. Өз әдеттеріндегі әзілдеріне салмақ қосса барлығы тамаша болып шығар еді. Әліптің артын бағайық…

«Қорқыт құрамасы»

Суырып салма әзілідң жігіттері. Импровизацияны көп қолданады. Көбіне ол бөгет болып жатады. Енді чемпион болуға үлкен жігер қажет. Фестивальдерде бет қаратпайтын топ жауапты кезеңде жасып қалатын сияқты көрінеді. Финал күнде бола бермейді, тас-түйін дайындықпен, жұдырықтай жұмылып шығады деп сенемін…

«Демеушіміз Болашақ»

Екінші маусым, алғашқы финал. Динамиканы жақсы түсінеді, былтырғы қателіктерін түзеп, ойыннан ойынға өзгеріп отырады. Бұл басты артықшылық. Бірақ көрермен топты басқалармен емес жартылай финалдағы өз ойындарымен салыстыратыны анық. Егер өткен ойындағы өз деңгейлерінен артық өнер көрсете білсе, чемпиондыққа бір табан жақындай түседі.

«ЖасНар»

Бірінші жыл, бірден финал. Былтырғы финал естеріңде шығар? Жігіттердің де естерінде. Және ол қосымша күш беретіні анық. Негізі ешқандай қиналмай, алаңдамай, жүйке жүйесіне артық күш түсірмей ойнайтын топ осы. Жолы болып чемпион болып кетіп жатса жақсы, болмай қалса да өкінетін ештеңе жоқ. Болашақ — жастардікі…

Айналып келіп, «Кім чемпион болады?» деген сұрақты қайта қойғанда назарда ұстайтын бірнеше фактор бар.
Біріншіден: Барлығы көрермен көз алдындағы танымал топтар, міндетті түрде алдымен өз-өздерімен салыстырады. Сондықтан бұрынғы деңгейлерінен артық өнер көрсетулері керек. Тіпті кем болмай, сол деңгейдің өзінде шығу да өте қауіпті;
Екіншіден: Жеті сайыс кімнің кім екенін анықтайды. Құрамында жазатын авторлары көп топ қана шалдықпайды. Бұл актерлықтың емес, авторлықтың сынға түсетін шағы;
Үшіншіден: Егер барлығы бірдей тең келсе көрермен ықыласы шешетін сәт келді. Себебі бірнеше топтың қайсысына бас бұрарын білмей қиналатын кезде қазылар залға құлақ түреді-ау деген жорамал бар;

Сонымен жоғарыда аталған барлық мәселелерді есептей келе чемпиондыққа «ҚазҰУ құрамасы» мен «Демеушіміз Болашақ» жақынырақ тұр-ау деген ойдамын.

Ал енді, пікір жазып, қыздарға «Назар аудаааарррр чемпиооооннннн!!!!» деп айқайлауға рұқсат!

Алмас (Көзілдірік) Тоқабаев

More from the blog

14 қараша күні жайдарманның «Елорда кубогы-2021» арнайы жобасы өтті.

14 қараша күні жайдарманның "Елорда кубогы-2021" арнайы жобасы өтті. Еліміздің үздік командаларынан бөлек, өзбекстандық "Бұхара" командасы қатысып, бұл сайыстың дәрежесін халықаралық деңгейге көтеріп тастады....

«Шабыт»құрамасы «ELORDA KUBOGY-2021» иегерлері.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Елорда кубогы-2021» Жайдарман ойыны 14-қараша күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен...

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАУСЫМАШАР ФЕСТИВАЛІНІҢ» ІРІКТЕУ ОЙЫНДАРЫН 28-30 қыркүйек күндері 7 арнадан тамашалай аласыздар

«Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ ұйымдастыруымен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу” гранты...