Сонымен жаңа аусымның тұсауын кестік. Жоғары лиганың 1/8 финалдық ойындары өтті. Ширек финалдың үш жолдамасына таласқан бестік — Рахмет, Қызылорда, ҚЖУ, ҚазИИТУ және Сырдария жақсы дайындықта келген екен. Әсіресе, Сырдария. Жарайды оған кейін тоқталамыз. Тізімді басынан бастайық.
Алғашқы болып, семейлік «Рахмет» шықты. Жас та болса, өздерінің ойлы әзілдерімен залдың көңілінен шыға білді. Әттең бұл командада тәжірибе жетіспеді. Бұл әсіресе»Жамбы атуда» көрініс тапты. Ал үй тапсырмасында айтар ойын дұрыс жеткізе алмаған секілді.
Екінші шыққан «Қызылорда» да жастығын көрсетіп қойды. Жалғыз Әлібимен қашанғы жүрсін?! Үй тапсырмасында көріністеріне ой жетіспеген дей көрінді. Ширатуы кемшін.
«ҚЖУ» әдеттегідей «Сәлемдесуді» «қатырды». Бірақ » Жамбы атуда» ұзаққа шабады алмады. Үй тапсырмасы өте жақсы демегенмен, жолдамаға лайықтау деуге келеді.
«ҚазИИТУ» өз стилінде. Дегенмен жігіттерде сәл салмақтылық жетіспейтін секілді. Әйтпесе барлығы бар. Түр, стиль, ойын, мінез… Үй тапсырмасында да солай, тек айтар ойы аздау.
Ал «Сырдарияның» «Шабытты маусымда» шынымен шабыты ашылған сияқты. Барлық сайыста ең жоғары балл алып, максимум ұпай жинады. Енді осы тамақтан төмендемесе, ұзаққа баратыны сөзсіз.
Еске сала кетейік, сайысқа актер Алмат Сақатов, мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, тележүргізуші Дана Нұржігіт, актер Әділ Ахметов қазылық етті.
Жалпы ойын өте жоғары деңгейде өтті. Алғашқы ойын осындай, ширек, жартылай финалдар «тіпті керемет» болатын сияқты. Оның уақыттың еншісінде қалдырайық…