Эльдар Жұмағалиев: Сайыстағы шыққан шыңымыз осы болар деп тоқтатуға келістік


— Эльдар, айфон құтты болсын! Жақсы жаңалықтар естуіңізге тілектеспіз! Өзіңіз қолданып жүрсіз бе?
— Рақмет, айтқаныңыз келсін! Иә, сыйға алған ұялы телефонды өзім қолданып жүрмін. Топтың құрамындағылар бір ауыздан өзің ұста деді. Осы тұста «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп таныған қазыларға алғыс айтқым келеді. 
— «Үздік ойыншы» атануды күттіңіз бе?
— Әрине, әр жайдарманшының арманы деуге болатын шығар. Мен де армандадым. Бірақ, сол уақытта ол сыйды күтпедім. Сөзбен жеткізуге келмейтін қуанышты эмоциялардың бірін сезіндім… 
— Биылғы маусымашарда жайдарманмен қоштасуға келдіңіздер, бірақ көрерменнің ыстық ықыласы мен залдың қошеметі маусымға қатысуға сеп болды. Не үшін қоштасуға шешім қабылдадыңыздар?
— Иә, осы фестиваль барысында жайдарманмен қоштасып кетеміз деп келген болатынбыз. Жасыратыны жоқ, жартылай финалдағы әділ-қазылардың бағаларынан кейін сайыста өнер көрсетуге ниет болмады. Оның үстіне жайдарманда 7-8 жылдың көлемінде өнер көрсетіп жүр екенбіз. Сайыстағы шыққан шыңымыз осы болар деп тоқтатуға келістік. Команда құрамындағылардың жастары 25- тен асып, 30-ға аяқ басты. Тұрақты жұмысқа орналасып, тірлік істейік деген ой болды. Бірақ, сол маусымашарда залдағы көрермендердің қолдауымен, ұйымдастырушылардың сұрауымен маусымда қалдық. «Жарааайды» деп қалған жоқпыз, іштей ойнағымыз келді. Сөйтіп, қазір маусымдамыз. 


— Биыл чемпиондыққа үміткер командалардың бірісіздер. Жауапкершілік қалай? 
— Әзірге бәрі ойдағыдай секілді. Бірақ, финалдық сайыстың атмосферасы басқаша болады. Бәрі болуы мүмкін. Финалға дейін жетеміз деп ойлаймыз. Әрине, жеңіс біздікі болғанын қалаймыз. Нәтижені уақытында көреміз. 
— Кей әзілдеріңізден байқағаным, қазылар алқасына қандай да бір өкпеңіз бар секілді? 
— Қазылар алқасына негізі өкпем жоқ. Олардың салмақты дүние күтетіні анық қой. Біз біріншіден көрерменге түсінікті әрі қызықті әзілдер жазамыз. Ол әзілдердің кейбірін кейде қазылар түсінбей жатады. Сонымен, екі жақты қазылардың көңілдерінен шығу үшін тырысасын. Тағы бір мәселе, жайдарманшылар үшін қазыларда тұрақтылықтылықтың сақталуы маңызды. Командалардың ойнау стилін, әзілдеу барысын кейбірі түсінбей жатады. Мысалы, жартылай финалдық сайыста Нұрдаулет бізді бірінші рет көріп, стилімізді түсінбегеннен болар төмен бағаға лайық деп таныды. Сөйтіп, сайыстан шеттетілдік. Бірақ, тікелей оларға ренжулімін деген сөз емес. Әркім өз ойын білдіруге құқылы. 
— «Үй тапсырмасы» сайысына ерекше идеямен, дайындықпен келетін командалардың бірісіздер. Ой кімнен туындайды? Жеке тараптан ба әлде ұжымдық туындылар ма?
— Жайдарманда өнер көрсеткен семейлік командалар «үй тапсырмасы» сайысына келгенде ойыннан шығып қалатын. Олардың жетпеген тұсына біз жетейікші дедік. 2017 жылы осы сайысты көпшіліктің тақырыбындағы «Құдалық» немесе үй ішіндегі жағдайларды бейнелемей, өзгеше стильде өнер көрсетейік деген ой келіп, мақсат қойдық. Қасиет Кәрім есімді редактордан біраз керекті кеңестер алып, тыңғылықты дайындалдық. Ол жалпы командалық жұмыстың нәтижесі. Топ құрамындағы ойыншылар және әуенмен әрлеуші барлығымыз бірігіп, сценарий жазамыз. Көрініс барысында көрсетілетін видео мен ән де мағынаға сәйкес үйлесімін табуы керек. Сондықтан, ұжымдық жұмыс болуы маңызды.
— Республикалық прьемер лига ойындарының редакторысыз. Редактор ретінде жайдарманшыларға қандай талаптар қоясыз? 
— Дайындық жұмыстарына уақытынан кешіпей, редакторлар айтқан тапсырманы уақытылы әрі нәтижелі орындау. Сосын өзге командалардың бағытына түспей, ерекшелікті назардан шығармау. Өзгеше әзілдерімен келген командалар жарқырап тұратыны анық қой. Бұны талап емес, тілек дейін . 
— Жоғары лиганың ойыншысы ретінде бұл талаптарды өзіңіз орындайсыз ба? 
— Әрине, мен бұл талаптарды орындаймын. Бірақ, осы ойында редактураға кешіккеніміз бар. Ол қаржылық себептерге байланысты болды. Дайындыққа кешіккенімізбен сценарийді толық апардық.
— Жайдарман сіздің өміріңіздің өзгеруіне қаншалықты әсер етті?
— Жайдарманда өнер көрсету арқылы өмірімде көп жақсылықтар көрдім. Рас, оны сөзбен айтып жеткізу үшін уақыт жетпейді. Осы маусымда нәтижелі ойын көрсетсек деген мақсатпен, біраз жұмыстарымды ысырып қойдым деуге болады. Жайдарманның сеп болуымен қазір шығармашылық жұмыстар атқарып, нан табудамын. Сериалдарға, шоу бағдарламаларға сценарийлер жазамын. 

More from the blog

14 қараша күні жайдарманның «Елорда кубогы-2021» арнайы жобасы өтті.

14 қараша күні жайдарманның "Елорда кубогы-2021" арнайы жобасы өтті. Еліміздің үздік командаларынан бөлек, өзбекстандық "Бұхара" командасы қатысып, бұл сайыстың дәрежесін халықаралық деңгейге көтеріп тастады....

«Шабыт»құрамасы «ELORDA KUBOGY-2021» иегерлері.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Елорда кубогы-2021» Жайдарман ойыны 14-қараша күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен...

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАУСЫМАШАР ФЕСТИВАЛІНІҢ» ІРІКТЕУ ОЙЫНДАРЫН 28-30 қыркүйек күндері 7 арнадан тамашалай аласыздар

«Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ ұйымдастыруымен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу” гранты...