JAIDARMAN 25Все новости

Культура речи в медиа: граница между свободой и этикой

Мужчина в зрительном зале

Полный авторский текст на казахском языке.

Бұрын қоғамдық ортада айтуға қолайсыз саналатын бейәдеп сөздер бүгінде әлеуметтік желілердегі бейнероликтерден, подкасттардан, тікелей эфирлерден жиі естіледі. Кейбір контент авторлары үшін дөрекі лексика аудитория назарын аударудың, қаралым жинаудың бір құралына айналды. Бұл үрдіс медиа кеңістіктегі сөз мәдениеті мен шығармашылық жауапкершілік туралы маңызды сұрақ туындатады.

Сахнада өнер көрсететін, экранға шығатын жастармен жұмыс істейтін мамандар ретінде бұл үдеріске алаңдаушылықпен қараймыз. Өйткені күнделікті жұмыс барысында жастардың шығармашылық ізденісін де, аудиторияның талғамын да, контент өндірудің ішкі ерекшеліктерін де көріп жүрміз.

Біз елдегі отыз мыңнан астам жасты қамтитын «Жайдарман» қозғалысының ұйымдастырушылық жұмысына, сондай-ақ бірнеше телевизиялық жобаның жүзеге асуына жауап береміз. Сондықтан сахна сыртындағы шығармашылық үдерістер мен жас өнерпаздардың қалыптасу жолын сырттай бақылап қана қоймай, сол үдерістерге тікелей қатысушы ретінде бағалауға мүмкіндігіміз бар.

Сөз әдебі – қоғамдық мәдениеттің өлшемі

Медиадағы бейәдеп сөздің таралуын тек қазіргі жастардың тәрбиесімен немесе ұлттық құндылықтардың әлсіреуімен байланыстыру дұрыс емес. Бұл құбылысқа бірнеше фактор әсер етті. Олардың қатарында жаһандық мәдени ықпалдастық, ойын-сауық индустриясының коммерциялануы, цифрлық платформалардың даму ерекшелігі және аудитория назарын иелену бәсекесі бар.

Қазақстанның медиа кеңістігіне де осы өзгерістердің ықпалы тиді. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы халықаралық ақпараттық-мәдени ықпалдастық пен кейін интернеттің қолжетімді болуы аудиторияның ақпараттық талғамын өзгертті. Отандық контент өндірушілер де жаңа форматтарды меңгеріп, халықаралық тәжірибені қабылдай бастады.

Алғашында мұндай еркін лексика интернеттегі жекелеген әзіл-сықақ бейнероликтерінде, соның ішінде вайнерлердің өнімдерінде байқалды. Кейін веб-сериалдарда, подкасттарда және стендап-комедияда көрініс тапты. Кейбір өнер өкілдері бейәдеп сөздерді кейіпкер мінезін ашудың немесе өмір шындығын көрсетудің тәсілі ретінде қолданды.

Алайда уақыт өте келе кейбір контент өндірушілер үшін бұл көркемдік тәсілден гөрі аудитория тартудың оңай амалына айналды. Сөздің әсерін ойдың тереңдігімен емес, оның дөрекілігімен күшейтуге ұмтылу байқалды.

Қаралым үшін құрбан болған мәдениет

Цифрлық платформалардың дамуы контент өндіру мүмкіндігін кеңейтті. Қазір кез келген адам бейнежазба түсіріп, подкаст жүргізіп, тікелей эфирге шығып, өз аудиториясын қалыптастыра алады. Бұл – сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік үшін үлкен мүмкіндік.

Пять участников на сцене

Бүгінде телевизиялық өнім мен әлеуметтік желілердегі контент өндірісінің өзіндік форматтық, редакциялық және мазмұндық ерекшеліктері бар. Телевизияда кәсіби сүзгі мен редакциялық талаптар дәстүрлі түрде маңызды орын алса, цифрлық платформаларда контент өндіру мен тарату тәртібі өзгеше. Мұндай айырмашылықтар сөз қолданысынан, тақырып таңдау мен аудитория алдындағы жауапкершіліктен де байқалады.

Әлеуметтік желілердегі контенттің таралуына аудиторияның реакциясы, қаралым, пікір, бөлісу және басқа да көрсеткіштер ықпал етеді. Мұндай ортада контент өндірушілер көрермен назарын мүмкіндігінше тез аударуға тырысады. Өткір тақырып, тосын мәлімдеме, жанжал, арандату немесе дөрекі сөз кейде осы мақсатқа жеткізетін оңай тәсіл ретінде қабылданады.

Сөз бостандығы шығармашылық еркіндікке жол ашқанымен, өзгені қорлауға немесе қоғамдық әдепті елемеуге негіз бола алмайды. Сондықтан контент авторы айтқан сөзіне ғана емес, оның мақсаты мен аудиторияға ықпалына да жауапты болуы тиіс.

Әзілдің де әдебі бар

Осы тұрғыдан алғанда, «Жайдарман» қозғалысының тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Бұл – ондаған жыл бойы қазақ тіліндегі әзіл-сықақ мәдениетін қалыптастырып, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға қызмет етіп келе жатқан орта.

Освещённая сцена и зрительный зал

«Жайдарман» сахнасының басты ерекшеліктерінің бірі – әзілдің мазмұны мен жеткізілу формасына қойылатын талап. Лигалардағы редакторлық жұмыс пен ішкі этикалық ұстанымдар сахнадағы әзілдің мазмұны мен сөз қолданысын мәдени талаптарға сай қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылардан тек көрерменді күлдіру емес, ойды ұтымды жеткізу, сөзді орнымен пайдалану, қазақ тілінің мүмкіндігін көрсету талап етіледі.

Әзілдің сапасы қолданылған сөздің дөрекілігімен емес, оның астарымен, қисынымен, тапқырлығымен және қоғамдық маңызымен өлшенуі керек. Сатираның күші – біреуді балағаттауда емес, қоғамдағы кемшілікті дәл танып, оны күлкі арқылы көрсетуінде.

«Жайдарман» сахнасынан түлеп шыққан көптеген өнерпаз бүгінде актерлік, режиссерлік, сценарий жазу, телевизия және цифрлық контент салаларында еңбек етіп жүр. Олардың шығармашылық жолында сахналық тәртіп пен сөз мәдениетінің өзіндік орны бар. Бұл мектептің ықпалын тек түлектердің танымалдығымен емес, кәсіби қалыптасуына әсер еткен шығармашылық талаптармен де бағалаған жөн.

Әрине, «Жайдарманнан» шыққан өнерпаздардың кейінгі жеке жобалары олардың дербес шығармашылық таңдауы мен жеке ұстанымына негізделеді. Дегенмен ортақ сахнада қалыптасқан мәдениеттің кейінгі шығармашылық жолға ықпал ететіні сөзсіз.

Бір кездері «Жайдарман» ортасынан шыққан кейбір өнерпаздардың жеке жобаларында бейәдеп лексикаға жүгінгені де болды. Мұндай жағдайларға аға буын өкілдері тарапынан пікір айтылып, олардың көрермен алдындағы жауапкершілігі түсіндірілді. Кейбірі мұны қаралым жинаудың немесе әзілді әсерлі етудің амалы ретінде қабылдаған болуы мүмкін. Алайда шығармашылықта қысқа мерзімді танымалдық пен ұзақ мерзімді беделдің екі бөлек нәрсе екені уақыт өте айқындала түседі.

Біздің ұстанымымыз бойынша, жастардың шығармашылық ізденісін қолдаумен қатар, сапалы контенттің озық үлгілерін көрсету де маңызды. Бейәдеп сөзсіз де өткір әзіл айтуға, дөрекіліксіз де шынайы оқиғаны көрсетуге, балағатсыз да көрерменді күлдіруге болатынын іс жүзінде дәлелдеу қажет.

«Жайдарман» тәжірибесінде сахналық тәртіп пен тіл мәдениеті шығармашылық еркіндікке қарсы қойылмайды. Керісінше, олар сапалы әзілдің қалыптасуына қажетті талаптар ретінде қарастырылады.

Сапалы әрі мазмұнды контент өндіру – аудиторияның талғамын қалыптастыруға ғана емес, келер ұрпақтың дүниетанымы мен мәдениетін тәрбиелеуге де қосылған үлес. Балалар мен жасөспірімдер экраннан көрген кейіпкерлерінің сөз саптауынан, мінез-құлқынан және қарым-қатынас үлгілерінен әсер алады. Сондықтан әрбір медиа өнімнің тәрбиелік әлеуетін ескерген маңызды. Мәдениетті ұрпақ қалыптастыру отбасындағы тәрбиемен ғана шектелмейді, оған қоғамдық орта мен ақпараттық кеңістіктің де ықпалы зор.

Құқық пен әдептің сабақтастығы

Медиадағы сөз мәдениеті мәселесін тек қоғамдық сынмен шешу мүмкін емес. Бұл бағытта құқықтық нормалардың да өзіндік орны бар. Алайда заң мен әдептің атқаратын міндеті бірдей емес.

Бүгін, яғни, 18 қарашада Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Ұсынылып отырған өзгерістердің қатарында масс-медиа мен онлайн-платформаларда бейәдеп сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу де бар. Сонымен бірге аудиовизуалды платформалар арқылы теле- және радиоарналарды таратуға лицензия беру, онлайн-кинотеатрларға Қазақстанда заңды өкіл тағайындау міндетін жүктеу де көзделген.

Құқықтық нормалар қоғамдық қатынастарды реттеудің маңызды тетігі болса, мәдениет адамның өз әрекетін ішкі жауапкершілікпен бағалауына ықпал етеді. Заң мен қоғамдық әдеп бірін-бірі толықтыра отырып, өркениетті ортаның қалыптасуына қызмет етеді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мәдениет пен тәртіп мәселесіне арнайы тоқталды.

«Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл мәселені қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру және қоғамның өркениетті деңгейге көтерілу міндетімен сабақтастырды. Тілдің қоғамдық беделі оның заң жүзіндегі мәртебесімен қатар, күнделікті қолданысының сапасымен, қоғамдық кеңістіктегі орнымен және сол тілде жасалған мәдени-ақпараттық өнімдердің деңгейімен де айқындалады. Сондықтан медиа әдебі мен тіл мәдениетін дамыту – бір-бірінен бөлек қарастырылмайтын міндеттер.

Еркіндік жауапкершіліктен басталады

Еркіндік жауапкершілікпен ұштаспаса, шығармашылық ізденіс әлсіреп, арзан эпатажға жол ашылуы мүмкін. Ал кәсіби мәдениет пен жауапкершілікке негізделген медиа ғана уақыт сынынан өтетін құндылық жасай алады.

Бұл тұрғыда «Жайдарман» мектебінің сөз мәдениетін сақтауға бағытталған тәжірибесі – отандық медиа кеңістік үшін пайдалы үлгілердің бірі. Сөз әдебі мен кәсіби жауапкершілік – медиа кеңістіктің сапасын айқындайтын маңызды өлшемдер. Осы құндылықтарды сақтау мен дамытуға бағытталған әрбір бастама қоғамның мәдени деңгейін көтеруге қызмет етеді.

Өйткені сөз – жай ғана ақпарат жеткізу құралы емес. Ол – қоғамның мәдени деңгейін танытатын өлшем. Ал сол өлшемнің қандай болатыны бүгінгі медиа өкілдерінің таңдауына байланысты.

Жанасыл Болатбек
«Қазақстан КВН одағы» атқарушы директоры