JAIDARMAN 25Жаңалықтарға оралу

Түркі елдерінің үздік жайдарман командалары Алматыда бас қосады

Түркі елдерінің үздік жайдарман командалары Алматыда бас қосады
Фото · Juzmedia

Алматыдағы Республика сарайында 29 қазан күні сағат 19:00-де халықаралық TurkiCUP ойыны басталады. Бағдарламаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркияның жайдарманшыларынан құралған 11 команда енгізілді.

Алаң иелері атынан алматылық «Алатау SU», сондай-ақ «Рудный», «Абибас», «Қыздар емес», «Шапалақ», «Ақбұлақ» және «Алмаз» өнер көрсетеді. Өзбекстаннан «Шум болалар», Қырғызстаннан «Лидер» мен «Торнадо» шақырылған. Әзірбайжан мен Түркия ойыншылары біріккен құрамамен шығады деп жоспарланған.

Ойын алдында жарияланған қазылар тізімінде Тоқтарбек Серғазы (Секавайнс), Ерболат Беделхан, Алуа Қонарова, Қанай және Нұрсұлтан Құрман бар. Кездесу «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы» бағдарламасына кіреді. Ұйымдастырушылар жастарға өз еліндегі әзілді көрші елдердің көрерменіне таныстыратын ортақ сахна ұсынбақ.